МТРА жаңалықтары

Петропавлда құрылыс саласына мамандар қажет

Арман Шәріпов есімді жерлесіміз осыдан 4 ай бұрын жұмысынан айырылған болатын. Бәрі сол коронавирустың салдары дейді ол. Иә, төтенше жағдай мен карантин жерлестерімізді біраз әбігерге салғаны рас. Кәсіпкерлер де індеттің кесірінен қызметтерін тоқтатуға тура келді. Қазіргі уақытта Арман екі қолға бір күрек тапты. Қала тұрғыны мына жаңа салынып жатқан трактор зауытына ұста болып қызметке орналасқа. Бұған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы септігін тигізді дейді.

Арман Шәріпов – ұста:

– Үйлердің шатырын салатын едім. Төтенше жағдай уақытында жұмыс тоқтап табыс көзінен айырылдым. Сол себепті, Жұмыспен қамту орталығына бардым. Кейін осында жұмысқа орналастым. Шілдеден бері слесарь болып қызмет етіп жатырмын. Бетон құйып, алаң дайындаймын.

Айта кетейік, алдағы уақытта мұнда немістің «Класс» маркалы тракторлары құрастырылатын зауыт болады. Шетелде шығарылатын тегеурінді техника бұйырса өз облысымызда жиналады. Қазіргі күні жұмыс қызу. Аталған учаскеде 80-нен аса адам қызмет жасауда. Олардың барлығы дерлік – осы Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы екі қолға бір күрек тапқандар. Айтуларынша жалақы жақсы. Әрқайсысы айына кем дегенде 85 мың теңгеден алады.

Андрей Савельев – ұста:

– Бұған дейін дөңгелек ауыстыратын жерде қызмет еткен едім. Денсаулығыма байланысты жұмыстан шығып, осы жерге орналастым. Мұнда Жұмыспен қамту орталығы арқылы кірдім. Жалақым – 150 мың теңге. Уақытылы төленіп тұрады.

Биыл шаһарда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Мамандардың айтуынша бүгінде бетон құюшы, тас қалаушы, қара жұмысшы, әрлеуші, дәнекерлеуші, ұста, су құбырын өткізуші, электриктер секілді мамандар аса қажет. Сол себепті, осы аталған салаларда жұмыс жасай аламын дегендер Жұмыспен қамту орталығына барып өтініш бере алады.

Руслан Дейнеко – қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы қызметке орналасу үшін көп құжат жинау қажет емес. Тек жеке басын куәландыратын құжат және банктік картасымен келсе болды. Аталған бағдарлама арқылы төленетін жалақының көлемі 85 мыңнан жоғары.

Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы 700-ден аса жерлесіміз қызметке орналасыпты.

 

 

 

Бердимурат Баймухан