МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Clear Fest” экофестивалі өтті

4 адамнан құралған 5 топ. Экологиялық шараға жасылелдіктер, жасотандықтар, студенттер мен Ассамблея өкілдері атсалысуда. Экофестиваль сайыс ретінде өтіп жатыр. Қатысушылар 40 минуттың ішінде барынша көп қоқыс жинауы тиіс. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Алина Темірханова мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр екен.

Алина Темірханова – шараға қатысушы:

– Тұрғындар пластик, қағаз және шыныларды лақтырған кезде оны тамақ қалдықтарынан сұрыптау керек. Мен үшін бұл фестиваль маңызды. Себебі, әр адам экологияны сақтауға ықпал етуі тиіс.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай шаралар жастарды табиғатты бағалауға баулиды. Сол себепті, акция жыл сайын өткізіліп тұрады екен. Тек ұйымдастырушылары өзгерген. Былтыр фестивальді жасотандықтар ұйымдастырса, биыл жасылелдіктер қолға алған.

Даяна Оспанова – “СҚО JE штабы” ҚБ төрағасының орынбасары:

– Өкінішке қарай, қала тұрғындары мен қонақтары аймақтың табиғатын бағаламайды. Демалғаннан кейін қоқысты қалдырып кетеді. Бірақ, осындай экофестивальдің арқасында өңірдің экологиясына көмек көрсетіп, үлес қосуға болады.

Сонымен, 40 минуттың ішінде қатысушылар қалдықтарды барынша тез әрі көп жинауға тырысты. Экошараның қорытындысы қоқыстың салмағымен нақтыланады. Мәселен, мына бір қоржынның 6 келі тартып тұр. Нәтижесінде қатысушылар барлығы 200 келіден аса қоқыс жинаған екен. Экологиялық фестивальға атсалысқандар диплом және сыйлықтармен марапатталды.

 

Жанна Бисенова