Ауыл шаруашылығы

Тайыншадағы шаруашылықтардың бірінде арпа шығымдылығы 3 есеге кеміген

“Агро-Хлеб” шаруашылығының танаптарында техника осымен 2-ші апта толассыз жүйткіп жүр. Аграрлы аймақ диқандарының әдеткі кестесін ауа райы биыл аяусыз өзгертті. Орақты бақандай 1 айға ертерек бастауға тура келді. Дән сіңірілген алқаптардың көлемі тайыншалық серіктестікте 16 мың гектардан асып жығылады. Сондықтан жұмыс әлі де жететін.

Николай Лукьященко – «Агро-Хлеб» ЖШС директорының орынбасары, Тайынша ауданы:

– 8 мың гектарға – арпа, 3 мыңына сұлы ектік. Бидай алқаптарының көлемі 5 мың гектар болса, зығырдікі – 800. Көктем биыл ерте келгендіктен, ылғалды сақтап қалмаққа егістікті сәуірдің 14-і бастадық. Алқапқа бұрын-соңды бұлай ерте шығып көрмеген едік.

Ерте сіңірілген дән, сәйкесінше ерте пісті. Күнтізбеде тамыздың 11-і ғана, ал сұлының бәрі қамбада. Келесі апта бидай жинала бастайды, ал бүгінде арпа орылып жатыр. Гектар берекелігі – әзір, 10-12 центнер. Былтырғы көрсеткіштен үш есеге кем. Себеп – әрине, теріскей климатына тән емес қуаңшылық. Жаз бойына жаңбыр мұнда бір-ақ рет жауған.

Валерий Клименко – “Агро-Хлеб” ЖШС бас агрономы, Тайынша ауданы:

 – Көрегендік танытып, егістікке дейін 1,5 мың гектарға “карбомид” тыңайтқышын сіңірген едік. Әйтеуір, көмектесті. Құрғақшылыққа қарамастан бидайдың күйі жаман емес. Қолдан келген шараларды атқардық. Бірақ, агроном ретінде айтарым, агротехнологияны сақта-сақтама, көктен нұр жаумаса, бәрі бекер. Биыл жалпы шығымдылық былтырғыдан 30-35 пайызға азырақ болады деп бағамдап отырмыз. Бұл – ең оптимистік болжам.

Мұндай мәз емес ахуал агрофирманы шығынға сәл батырады. Бірақ, бұл қатардағы механизаторлар мен жұмысшылардың жалақысына еш әсер етпейді деп сендірді басшылық. Орақ науқанын шаруашылық қыркүйектің басында аяқтамақшы. Бар үміт – бидайда. Өнімділіктің қандай болатынын агроном да, директордың орынбасары да болжауға батпады. Сөздерінше, тыңайтқыштармен өңделген танаптарда бәрі ойдағыдай болуы тиіс.

 

 

 

 

Саят Ермек