Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО – әлеуметтік-экономикалық дамуы оң қарқынға ие өңірлердің тізімінде

Жиын, әдеттегідей, Денсаулық сақтау министрінің баяндамасы ашты. Цой мырзаның сөзінше тәжді вирусқа қатысты қазіргі ахуал Қазақстанда мынадай:

– Ел бойынша бүгінге дейін 100 164 науқас тіркелген. 73 мың адам дерттен айыққан, ем алып жатқандардың саны – 25 мың, ал 1291 отандасымыз инфекцияны жеңе алмай, жазым болды.

Сандарды сөйлетер болсақ, бүгінде елдегі әр 100 мың адамның 36-сынан індет табылады екен. Бұл көрсеткішпен Қазақстан – әлемде 43-ші, ал өлім-жітімнің үлесі бойынша 70-ші орында. Десе де, жауапты министр ахуал тұрақталып келеді дейді. 5 аптаға созылған карантин нәтижесін беріп жатыр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Осы уақыт ішінде ауруханаға жатқызылатын науқастардың саны 61 пайызға, жедел жәрдем шақыру көрсеткіші 62 процентке төмендеді. Азаматтарға үй жағдайында медициналық көмек көрсететін мобильдік бригадалардың саны 7,6 пайызға артып, 3640-қа жетті. Індет таралуының тәуліктік өсімі 2 есеге қысқарып, тіркелген барлық науқастардың 73,6 пайызы емделіп шықты.

Тамыздың 17-сінен бастап Қазақстанда карантин біртіндеп, кезең-кезеңмен жұмсартыла бастайды. Денсаулық сақтау министрлігі қазір тиісті механизмді әзірлеп жатыр. Қандай шектеулер ертерек, қайсылары кешірек алынады – мұның бәрі мемлекеттік комиссияға бейсенбі күні ұсынылмақ. Келесі қаралған сұрақ – елдің әлеуметтік экономикалық дамуы. Негізгі 5 көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан облысы тағы да көшбасшылардың қатарында. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы ЖІӨ көлемін 2,8 есеге арттырып, 4-ші орынға тұрақтадық, өнеркәсіпте, тіпті, 8 пайыздық өсіммен өзге өңірлерден алда келеміз. Капиталға тартылған инвестициялар бойынша үздік үштікті түйіндеп тұрсақ, құрылыста 14,5 пайыздық динамикамен 4-ші орындамыз.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-министрі:

 – 7 айдың қорытындысы бойынша негізгі 5 көрсеткіш бойынша 9 өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың өсімі қамтамасыз етілді. Бұл – Ақмола облысы, Алматы облысы, ШҚО, Жамбыл облысы, Қостанай облысы, Маңғыстау облысы мен СҚО және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары.

Бірақ, бұл рейтингіге қарап, өңірлерде арқаны кеңге салып, саябырсуға болмайды деді Премьер-министр. Белгіленген жоспар, айқындалған меже орындалуы тиіс.

 

 

 

Саят Ермек