МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Өңірде коронавирусқа байланысты эпидахуал тұрақталуда

Провизорлық және инфекциялық стационарларда медициналық көмек көрсету жөнінен жағдай тұрақталды. Бұл туралы арнайы брифингіде медициналық қызметтердің сапасын мониторингілеу тобының жетекшісі Нұрлан Жахин хабарлады. Дегенмен, емдеу орындарының базасын жарақтау жұмысы әлі де жалғасуда. Мысалы, ақхалаттыларды тасымалдау және шаруашылық қажеттіліктер бойынша көлік мәселесі шешімін тапқан.

Нұрлан Жахин – Денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа медициналық қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізу тобының жетекшісі:

 – Мысалы, бұған дейін мониторинг арқылы көпсалалы қалалық ауруханада көліктің жоқтығы анықталды. Бұл ыңғайсыздықты және жеделдіктің төмендігін тудырды. Мәселе шешілді. Баллондарды тасымалдау бойынша көлікпен қамтамасыз етілген, шарт бойынша баллондарды жеткізетін фирма айналысады. Провизорлық стационарға персоналды және шаруашылық қажеттіліктерді тасымалдауға арналған УАЗ машинасы бекітілген.

Нұрлан Жахин “103” нөміріне түсетін қоңыраулардың да сирегенін айтты. Мәселеш, шілденің басында 700-ден астам шақырту болса, қазір 300-ге дейін төмендепті. Провизорлық және инфекциялық стационарларға жатқызу жағдайлары да азайған көрінеді. Осыған байланысты төсек қоры 300 орынға босаған.
Брифингіде дәрі-дәрмек қажеттілігі мен кадр тапшылығы мәселесі де қозғалды.

Нұрлан Жахин – Денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа медициналық қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізу тобының жетекшісі:

 – М.Жұмабаев, Қызылжар, Есіл, Мамлют, Уәлиханов аудандарында дәрі-дәрмектерге қажеттілік бар. Қабылданған шараларды ескере отырып, жағдай жақын арада тұрақталады деп үміттенеміз. Мамлют және Уәлиханов аудандарында кадр тапшылығы анықталды. Оның ішінде реаниматолог, инфекционист, рентгенолог, анестезиолог, педиатр, жалпы практикалық дәрігер тапшылығы байқалады.

Жалпы, өңірде негізгі көрсеткіштер мен денсаулық сақтау саласына түскен жүктеме бойынша оң динамика байқалады. ИВЛ аппараттары жеткілікті. Олардың қажеттілігі өткен аймен салыстырғанда бір жарым есеге кеміген. Онымен қоса, 85 ИВЛ құрылғысы мен 100-ден астам оттегі концентраторларының келуі күтілуде. Аталған медициналық аппараттарға арналған қаржы республикалық және жергілікті бюджеттерден қарастырылып отыр. Мәселен, бұл мақсатқа облыстық қазынадан 528 млн теңге бағытталған.

Данаш Хамзина