Өзгені маскамен жүруге шақырып, өзі маскасыз жүрген! Кезекті рейд кезінде бетпердесіз болған мемлекеттік қызметшінің бұл қылығы әлеуметтік желіні біраз дүрліктірді.
Ойға қонымсыз әрекетке барған маман – қалалық тұрғын-үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы екен. Ол тамыздың 5-сі күні қоғамдық көліктерде жүргізілген рейдке қатысыпты. Ақыры санитарлық норманы сақтауға үндей жүріп, талапты өзі орындамаған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді ол 640 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуі тиіс.
Самат Барменбаев – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Ағымдағы жылдың 7 тамыз күні петропавлдық қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Санитарлы-эпидемиялық талаптарды сақтамағаны үшін Әкімшілік кодекстің 125-бабына сәйкес 230 АЕК көлемінде мемлекеттік қызметшіге айыппұл салынатын болады. Бұзушылық жасаған азамат өз кінәсін мойындады.