Мәдениет

Абай Құнанбаевқа арналған онлайн концерт өтті

Бұл – М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді. Сахнада театр актерлері ақынның өмірін қысқаша көрсете білді. Басты рөлді Фарух Бегалы сомдады. Абайдың образы, оның ішінде балалық шағын сомдау сәті оған алғаш рет бұйырыпты.

Фарух Бегалы, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Біз қойылымға дайындалып жатқан кезде бізге сезіну қиындау болды. Бүгінгі атмосфераға көңіл бөлсек, ол өте керемет болды. Бүгінгі қойылым көрермендерге ұнады деп ойлаймын.

Абай Құнанбайұлының шығармашылығы ерекше және көп қырлы.
Ақын жанының кеңдігін, терең ішкі жан-дүниесін «Sensitive» би ансамблі бимен көрсетуге тырысты. Құлағының мүкісі бар өнерлі жандар ым-ишарамен “Абай жаны” атты хореографиялық қойылым ұсынды.

Абайдың мерейтойлық концертінде дәстүрлі ән орындаушы Біржан Есжан өзінің керемет даусымен ақынның «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін орындады. Одан бөлек, театрдің камералық оркестрінің сүйемелдеуімен домбырашы Марат Гайнуллин Абайдың “Торыжорға” күйін шертті.

Атап өткен жөн, республика бойынша театрлар арасында С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры Абай күніне орай алғашқылардың бірі болып тікелей эфир өткізді. Театр ұжымы бұл мерекелік іс-шараға ұзақ уақыт дайындалған екен.

Дәурен Тойбазаров, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының труппа меңгерушісі:

– Абай – өшпес, мәңгі. Ол әр қазақтың жадында болатыны хақ. Өйткені, ұлы Абайды дәріптеу – әр қазақтың, әр елдің, Абай деп жүрегі соғатын халықтың жүрегінде мәңгі орын алатын жайттардың бірі. 10 тамыз Абай күні болып бекітіліп, жыл сайын осындай іс-шаралар жиі болса дейміз.

Еске сала кетейік, биыл С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына 20 жыл толып отыр. Осы орайда өнер ұжымы көрерменді алда әлі талай тың дүниелермен қуантпақшы.

Алтынай Қазиқан