Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтар Абайдың рухына тағзым етті

Абай Құнанбаев 176 өлең, 45 қара сөз, 3 поэма мен 4 күй жазып қалдырды. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді деп қазақ бекер айтпаса керек. Ұлы ақынның бұл мұрасы заман мен уақыт төрелігіне бағынбады. Туындылар талай жыл өтсе де мән-мағынасын, құндылығын жоғалтпады, жоғалтпайды да.

Зарқын Тайшыбай – Абайтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

-Міржақып Дулатов 1914 жылы айтқан: Абайдың өлген күнінен алыстаған сайын ол бізге жақындай береді деп. Ол біздің жүрегімізде, түсінігімізде болуы керек. Абай толық адам.

Абай секілді толық адам болу үшін не істеу қажет? Оған тек кітап оқып, білім алған жандар ғана жетпейді. Толық адамның бойында қарапайымдылық, мейірімділік пен әділдік болуы қажет. Әлфараби Мыңбай бала кезінен осы қағидаларды берік ұстауға тырысады екен.

Әлфараби Мыңбай:

– Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда, Осы өлеңнің өзінде жастардың немен айналысуы керектігі жазылған. Қысқа ғана туындының ішінде өте үлкен тәрбие мен тәлім жатыр.

Сәлімхан Сәбитов:

– Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме». Абай Құнанбаевтің бұл өлеңі дәл бүгінгі күнімізді сипаттап тұрғандай. Қазір жаһанға індет тарап, адамзат әбден әбіргерге түсуде. Жалпы, адам басына түскен қиындықты жеңудің жолы туындыда айқын көрсетілген.

Зарқын Тайшыбай – Абайтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Үлкен апаттың кезінде қазақ халқына Абай көмектеседі. Абайдан ақылдылықты, ұйымшылдықты, ұстамдылықты үйренейік. Осының бәрі Абайдың ілімінде бар. Байбаламға салынба! Басқа жұмыстар да бар.

Бүгін қазақтың маңдайына біткен ұлы ақынның дүниеге келгеніне 175 жыл толып отыр. Мерейтойға орай қаланың басты алаңында еске алу шарасы өтті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен өңірдің зиялы қауым өкілдері Абай мен Пушкиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Көзімнің қарасы. Жүректерді тебірентіп жіберетін Абайдың бұл өлеңін естімеген, білмейтін қазақ жоқ. Гүл шоқтары қойылған соң, белсенді жастар осы әнінен үзінді орындады.

 

Маржан Касымбек