Мәдениет

Облыстық кітапханада Абайдың әндері шырқалды

Татьянаның Онегинге жазған хаты”. Бұл – әнші Біржан Есжанның қазақтың қара домбырасымен үйренген алғашқы туындыларының бірі. Ол кішкентайынан Абайдың өлеңдерін, аудармаларын оқып өскен. Ал 16 жасынан бастап әндерін айта бастаған. Дәстүрлі ән орындаушы бүгінде Абайдың барлық шығармаларын біледі екен.

Біржан Есжан – әнші, облыстық филармонияның солисі:

– Жалпы, менің репертуарымда Абай атамыздың түгел әндері бар. Барлығын да сүйіп тыңдап, сүйіп орындаймын. Соның ішінде “Сегізаяқ” әнін жаным жақсы көреді. Одан бөлек Абайдың аудармалары да бір төбе. Атап айтсақ, “Қараңғы түнде тау қалқып” деген әнді сүйіп, тыңдаймын, орындаймын да.

Абайдың ұлылығында шек жоқ, ғұламаның шығармашылығы – қазақ халқы мен келер ұрпақ үшін мол рухани азық. Сол себепті, оның әндері 365 күн бойы жырлануы тиіс дейді ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жерлесіміз Біржан Есжан. Дәстүрлі ән орындаушының өз шәкірттері де бар. Солардың бірі – Бүркіт Жанай бүгінгі іс-шараға белсене қатысуда.

Бүркіт Жанай – облыстық филармонияның солисі:

– Бүгін мен Абай атамыздың халыққа кең таралған “Көзімнің қарасы” атты әнін орындайтын боламын. Республика бойынша жыл сайын Абай оқулары өткізіліп отыратыны мәлім. Абайдың туған жері Семей қаласындағы Жидебай мекенінде өткен байқаулардың бірінде осы әнмен 2-ші орын алғанмын.

Тағылымды жиын облыстық кітапхананың былтыр ашылған Абай орталығында өтті. Тыңдаушы қауым іс-шараны кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфир арқылы тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Мамандардың сөзінше, мұндай отырыстар тек атаулы күндері ғана емес, жыл бойы өткізіліп тұрмақ.

Ләззат Жолаушинова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК бас кітапханашысы:

– Біз қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын үнемі насихаттап тұрамыз. Биыл Абайдың 175 жылдығы болғандықтан, жыл бойы оның шығармашылығына арналған іс-шаралар өткіздік, жыл соңына дейін әлі де өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Оған қоса, оқушылар мен жергілікті кәсіпорын қызметкерлері үшін экскурсиялар да өткізіледі дейді мәдени ошақ мамандары. Бүгін Абайдың 175 жылдығына орай кітапханада 5 бірдей іс-шара өтіп жатыр екен. Алайда, карантинге байланысты олардың бәрі онлайн режимде ұйымдастырылған.

 

 

 

Жанна Бисенова