Қоғам

Биыл Мамлют ауданына оңтүстік өңірлерден 30 отбасы көшіп келген

Жүсіпбеков жанұясы Мамлют ауданына 2016 жылы қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан қоныс аударыпты. Алғашында отбасы Бексейіт ауылында тұрған. Ол жерде отағасы Ғани ағамыз «Мамбетов и К» командиттік серіктестігінде механизатор болып еңбек етіпті. Агроқұрылым басшысы қандастарымызды уақытша тұрғын үймен қамтыған екен. Ал биыл азамат жеке бизнеске ден қойды. Қазір 2 баласы, зайыбы төртеуі Мамлютка қаласында тұрады. Баспана әкімшіліктен беріліпті.

Ғани Жүсіпбеков – қоныс аударушы, Мамлют ауданы:

– Осында маусымның соңында көшіп келдік. Бір айдан асып қалды. Үйдің шарты әлі жасалып жатыр. Айында 10 мың теңге төлеп тұрасыздар деді. 5 жылға дейін төлеп тұруға мүмкіндік бар. Бұл өте тиімді.

Баспана – су жаңа. Іші кең әрі жылы. Үйдің ауласы да үлкен. Осы жерде Ғани Жүсіпбеков кәсіппен мықтап айналыспақ ниетте. Қазір азамат үлкен монша тұрғызып жатыр. Оның құрылысын күзде аяқтап, келушілерді қабылдамақ.

Ғани Жүсіпбеков – қоныс аударушы, Мамлют ауданы:

– Бұл істі қолыма алған себебім, әкімнің жиналысында мұнда монша проблемасы бары айтылды. Сол себепті, монша салуды шештім. Материалдың барлығы бар. Оны қаладан 1 млн 200 мың теңгеге сатып әкелдім. Моншаның іші төрт бөлмелі болады. Халықтың қалтасына ауыр болмасы үшін 1 сағат жуыну 800 теңгені құрамақ. Сондай-ақ, моншаны жұмасына тек бір рет мүмкіндігі шектеулі жандарға жақпақпыз.

Ал бір ай бұрын Мамлютка қаласына Алматы облысынан “Еңбек” бағдарламасы бойынша қоныс аударған Сағдатқан жанұясы цех ашпақшы. Онда отағасы мен отанасы қолөнер бұйымдарын әзірлемек. Мысалы, Әділ Сағдатқан теріден аяқ кимі тігеді, ағаштан астау, қымыз жиынтықтарын жасайды екен.

Әділ Сағдатқан – қоныс аударушы, Мамлют ауданы:

– Солтүстікке бет алған себебіміз – қазақ өнерін жастарға үйрету. Сондықтан зайыбым мен балаларымды алып осында көшіп келдік. Осы жерде үлкен цех ашқымыз келеді. Көп жастарды тәрбиелеп, білгенімізді үйретпекпіз. Елге үлесімізді қосу керекпіз. Келгенімізге шүкір. Алдымен Президентке рахмет айтамыз. Осындай бағдарламаның арқасында баспана алдық. Жаңа елмен танысып жатырмыз. Мұндағы халық бізді жақсы қарсы алды.

Әділ Сағдатқанның зайыбы Зыбила Рахымжан да – шебер. Он саусағынан бал тамған жан қыздың жасауын, ұзату көйлегін, түрлі концерттік киімдер мен картиналар тігеді. Жақында маска да тігіпті. Бетперделерді елге азғандай болса да көмегім тисін деп тегін таратқан екен. Нәзік жандының арманы асқақ.

Зыбила Рахымжан – қоныс аударушы, Мамлют ауданы:

– Бір-екі машинка алып, жұмысымды бастадым. Ендігі арманым – қолдауға ие болып, үлкен станоктар алу. Жұмыссыз жүргендерді жұмыспен қамтып, бизнеспен айналысқым келеді.

Жыл артқан сайын Мамлют ауданына жұмыс күші басым аймақтардан көшіп келетін жандардың қатары көбеюде. Ағайынға бар жағдай жасалады. Биыл қоныстанушылар үшін 54 үй салынып жатыр екен. 20-сының құрылысы аяқталған. Солтүстікте жұмыс та бар. Бизнеспен айналысуға да болады.

Бибігүл Қасенова – Мамлют аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Биыл Мамлют ауданына 36 отбасы немесе 136 адам көшіп келуі тиіс. Бүгінде 30 жанұя қоныс аударды. Ауданға 107 адам келді.

Айта кетейік, былтыр Мамлют ауданында қоныс аударған отбасылар үшін 32 үй салынған. Ағайынның басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Жамбыл және Түркістан облыстарынан көшіп келіпті.

 

 

Ешкенова Дана