Денсаулық сақтау

Қалалық көпбейінді ауруханаға оттегі концентраттары табысталды

Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 3 жарым мыңнан асты. Оның ішінде 2400 жерлесіміз дерттен құлантаза айықты. Жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Бірақ, болжам бойынша күзде болатын 3-ші толқынға сақадай-сай дайын болған жөн. Ол үшін дәрі-дәрмек пен ИВЛ аппараттары, оттегі концентраторлары қажет. Соңғысының мәселесін шешуге қазақстандық “BI Group” компаниясы көмектесуде.

Ерболат Тәжин – “BI Group” ЖШС өкілі:

– Қазір ел болып аты жаман індетпен күресіп жатырмыз. Ауруханаларға, дәрігерлерге үлкен қолдау қажет. Коронавирусты тек күшімізді біріктіру арқылы ғана жеңе аламыз. Бұл ретте “BI Group” компаниясы шеттен тыс қалмады. Серіктестіктің жанында “Бірлік” қоры құрылды. Дәл осы ұйымнан 10 оттегі концентратына ақша бөлінді. Аппараттарды Германиядан тапсырыс беріп, алдырттық.

Оттегі концентраттары қалалық көпбейінді ауруханаға табысталмақ. Емдеу мекемесі провизорлық стационар режиміне маусымның бірінен көшті. Содан бері, міне үшінші ай дәрігерлер науқастардың өмірі үшін күресуде. Тәжді вируспен арпалыста әрбір препарат пен аппараттың көмегі зор дейді ақ халаттылар. Әсіресе, оттегі концентраттары қазір инфекцияны жұқтырғандарға ауадай қажет. Стационарларға жатқызылатын науқастардың саны төмендесе де барлығының бірдей жағдайы ауыр екен.

Руслан Тасов – қалалық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Бүгінде ауруханада 52 науқас ем алып жатыр. Олардың 16-сының жағдайы өте ауыр, 36-сының жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Соңғыларының дертті жеңуі үшін оттегі концентраттары қажет. Аппарат өте ыңғайлы. Оның жұмысы үшін қосымша балон қажет емес. Жабдықты электр көзіне қоссақ болды, ауаны бірден оттегіге айналдырады.

Бүгінде ауруханада 22 оттегі концентраты қолданыста. Соңғы жеткізілген 10 аппарат та бірден іске жаратылады дейді мамандар.

 

 

Эльмира Садвокасова