Өнеркәсіп

Айыртаулық серіктестік банкі консервілеумен айналысады

«Tezis» серіктестігі жұмысын 2019 жылдың қарашасында бастады. Кәсіпорын алдымен тек етті сүйектен сылып алумен айналысыпты. Шикізатты Көкшетау қаласындағы шұжық шығаратын зауытқа өткізген екен. Кейін толыққанды өндірістің жаңа бағытын қолға алды. Қазір компанияның консервіленген банкілерін Айыртау ауданы мен Қарағанды, Теміртау, Қостанай, Нұр-Сұлтан қалаларының дүкен сөрелерінен кезіктіруге болады. Серіктестік дәмді, сапалы әрі тойымды өнімнің, әзірге, 4 түрін шығарады. Ол – арпа жармасынан және қарақұмықтан пісірілген ботқа мен бұқтырылған сиыр және тауық еті.

Наталья Дудкина – «Tezis» ЖШС өндіріс меңгерушісі, Айыртау ауданы:

– Біз банкілерді аптасына 2 мәрте консервілейміз. Бүгін жоспар бойынша көпшіліктің сүйікті өніміне айналған бұқтырылған тауық пісіреміз. Оны әзірлеу үшін 260 келі ет қажет. Шикізатты Қарағанды, Қостанай мен Нұр-Сұлтан қалаларынан аламыз. Алдымен етті жуып, дәмдеуіштерді дайындаймыз. Пияз, қызанақ, сәбіз, тұз сынды тек табиғи таза өнімдерді қолданамыз. Барлығын араластырып, өлшеп, банкілерге саламыз.

Осылайша мамандар күніне 1200 банкі әзірлейді. Оларды жауып, пешке салады. Дәмі тіл үйіретін тағамның дайындалуы үшін 3 сағат уақыт қажет екен. Кейін тағы 30 минут суытып, дүкен сөрелеріне аттандыруға болады. Бүгінде өнімдерге деген сұраныс жоғары. Алдағы уақытта кәсіпорын тауар аталымын кеңейтпек ниетте. Бұқтырылған ет пен ботқадан бөлек, енді «Tezis» серіктестігі 5 бірдей ірімшік түрін шығаруды жоспарлап отыр.

Артем Тен – «Tezis» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Біз Италияға бірнеше мәрте барып, ірімшік өндірісімен таныстық. Олардың білікті технологтарымен бірлесе жұмыс жоспарын құрдық. Өндірісте тек еуропалық құрал-жабдықтарды қолданамыз. Аппараттарды сатып алып, кәсіпорынның ішін қалыпқа келтіру үшін қыруар қаражат қажет. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша 500 млн теңге көлемінде несие алғымыз келеді. Пандемияға байланысты шаруа кейінге шегерілді. Жағдай тұрақталғаннан кейін бірден іске кірісеміз.

Еуропалық технологиялар ірімшікті тек табиғи таза өнімдерден дайындауға мүмкіндік бермек. Бастапқы уақытта кәсіпорын өкілдері күніне тауардың 3-4 тоннасын әзірлейміз деп отыр. Кейін өндіріс қуаттылығын арттырып, шығаратын ірімшіктің көлемін 10 тоннаға дейін жеткізбек.

 

 

 

Эльмира Садвокасова