Құқық қорғау органдары

2 қала тұрғыны ұрыларды ұстауға көмектескен

Оқиғаның болғанына біраз уақыт өткенімен, елең етерлік жайт. Бұл жерде өз міндеттерін атқарған полицейлер туралы ғана емес, адамның жан айқайын естіп, көмекке ұмтылған қарапайым қала тұрғындары жайлы баяндалады. Карантиннің жаңа басталған кезі. Көшеде адам некен-саяқ. Бірақ, ұрылар тынышталмаған көрінеді.

Сәуірдің 8-інде бұрын сотты болған 37 жастағы ер адам мен оның 27-дегі әйел танысы бірге ішімдік ішкеннен кейін біреуді тонауды ұйғарады. Банкоматтан ақша шешіп алып жатқан қарт әйел адамды көрген екеуі соңынан өкшелей түскен. Людмила Теренина үйдің кіреберіс есігін аша бергенде аналар тарпа бас салады.

Людмила Теренина— жапа шегуші:

 – Ұрылардың соңыма түскенін байқаған жоқпын. Домофонды теріп, есікті ашып, табалдырықтан аттай бергенде қолымдағы сөмкемді жұлып әкетті. Мен жанұшыра жүгіріп, көшеге шықтым. Адам жоқ. Бір кезде таксиде отырған жүргізушіні көріп, көмек сұрап жетіп бардым.

Көмекке такси жүргізушісі мен жақын маңда орналасқан дүкен сатушысы ұмтылған. Сергей Кузенёв пен Лариса Бурлёва ұры келіншекті ұстап алады. Ақыры патрульдік полицейлер келіп, баукеспелердің екеуін де құрықтаған.

Сергей Кузенёв — такси жүргізушісі:

 – Қарасам, егде жастағы әйел адам қолын бұлғап, жүгіріп келеді екен. Басында түсінбей қалдым. Ол маған “Мені тонап кетті” деп айғайлады. Бұрын-соңды бұндай жағдайға кезікпеп едім. Көмегімді аяған жоқпын. Менің ойымша, менің орнымда кез келген адам немқұрайлы қарап қалмас еді.

Марапаттау сәтіне батылдық танытқан тағы бір жан – Лариса Бурлёва келе алмаған екен. Оған тиесілі алғыс хат пен тарту-таралғыны тәртіп сақшылары иесіне беріп жіберген.
Ал ұрыларға қатысты жаза шілдеде жария етіліпті. Ер адам 3 жылға бас бостандығынан айрылып, әйелдің 3 жылға бас бостандығы шектелген. Кейуананың 150 мың теңгесі өзіне қайтарылғанын да еске сала кетейік.

 

 

 

 

Данаш Хамзина