Қоғам

“Жақсылық жаршысы” атты республикалық акция басталды

“Жақсылық жаршысы”. Елімізде осындай атаумен республикалық акция бастау алды. Жоба аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетілмек. Шараға петропавлдық кәсіпкерлер белсенді ат салысуда. Бизнес өкілдері 50 отбасыға ұн, макарон, жұмыртқа мен шайға арналған тәттілерден тұратын азық-түлік қоржындарын сыйға тартты.

Мамедовтар әулеті Петропавлға оңтүстіктен 4 жыл бұрын көшіп келді. Көпбалалы отбасы Жамбыл ауданының Кладбинка селосында тұрған кезде үйлері өртке ораныпты. Сөйтіп, ерлі-зайыптылар 5 бірдей баласымен бір түнде баспанасыз айдалада қалған. Мұнымен жанұяның проблемалары бітпеді. Отағасы мен отанасы ұзақ уақыт бойы екі қолға бір күрек таба алмай да қиналыпты.

Севиль Алиева:

– Үлкен балам Заур 7-ші, Диана 4-ші, Байрам 2-ші және Эфсун 1-ші сыныпта оқиды. Ал кіші балам әлі 3 жаста. Бір бөлке нанға ақша болмаған кездерім – есімде. Дүкендердің табалдырығын тоздырып, жалынып жеуге тамақ сұраған жағдайлар да болды. Үйдегі аш балаларымды асырау үшін мұндай қадамға баруға тура келді. Адамдардың көбі / ақша сұрағанда, ішімдік алады деп ойлайды. Бірақ, жандары ашып, көмек көрсеткендер де кездесті. Өмірде мейірімді жандар аз емес екендігіне көзім жетті.

Мамедовтар жанұясы үшін өмірдің қара жолағы бітті деуге болады. Қазір отбасының жағдайы біршама түзелген. Ошақ иесі шаһар дүкендірінің біріне жұмысқа тұрса, отағасы күзетші болып еңбектенуде. Жуырда атаулы әлеуметтік көмекті де рәсімдепті. Қиын сәтте мемлекеттік қолдаудан бөлек, демеуді жергілікті тұрғындар да көрсетті дейді ерлі-зайыптылар. Бүгін де көпбалалы жанұяға азық-түліктен тұратын қоржын сыйға тартылды. Ұн, макарон, жұмыртқа, сұйық май мен өзге де тәтті-дәмдіні жергілікті кәсіпкерлер “Жақсылық жаршысы” атты республикалық акциясы аясында әкеліпті.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылар – “Менің Атамекенім” қоғамдық бірлестігі мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы. Марафонға жергілікті іскер жандар мен танымал тұлғалар белсене қатысуда. Азық-түлікпен жабдықталағн арнайы жәшіктер көпбалалы мен аз қамтылған отбасыларға жеткізілетін болады. Тізім бойынша олардың саны 50-ді құрайды.

Марафон республика бойынша шілденің 21-і бастау алды. Жоба мұқтаж жандарға көмек көрсетуге арналған. Жергілікті бизнес өкілдері акцияны Павлодар облысынан қабылдап, Маңғыстауға жолдамақ.

 

 

 

 

Жанна Бисенова