Мәдениет

СҚО-да Абай күні кең көлемде аталып өтілмек

Абай Құнанбаев өшпейтұғын артынан сөз қалдырды. Сонысымен Алаш жұртына, күллі әлемге танылды. Биыл ұлы ақынның туғанына – 175 жыл. Мерейтой қарсаңында елімізде жаңа мереке пайда болғаны баршаға мәлім.

Жархын Жұпархан – Облыстық халық шығармашылығы және мәдени- бос уақыт қызметі орталығының бөлім басшысы:

 – 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Абай – қазақтың айнасы, темір қазығы. Абайдың өлеңдерін оқи отырып, қазақ халқының тұрмыс-салтымен, әдет-ғұрпымен таныса аламыз.

Абай күні елімізде кең көлемде аталып өтілмек. Мысалы, біздің өңірде 10-шы тамызда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры “Абай жаны” атты музыкалық-поэтикалық қойылым сахналамақ. Оны сағат 17:00-де мәдениет ошағының инстаграмм, фейсбук парақшаларына және ютуб каналына кіріп, тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Жархын Жұпархан – Облыстық халық шығармашылығы және мәдени- бос уақыт қызметі орталығының бөлім басшысы:

– Абай күніне арнап, бірнеше іс-шара өткізіледі. Соның бірі – облыстық жас ақындар мүшайрасы. Ол жас ақындар мүшайрасына біздің ауданымыздан, қаламыздан 10-нан аса жас қатысады. Өлеңдер келіп түсіп жатыр, 10-тамыз күні результатын жариялайтын боламыз. Ақындардың өлеңін әлеуметтік желілерге жүктеп, көрерменге жеткіземіз.

Одан бөлек, «Абай-дана, Абай-дара қазақта» атты видеоролик көрсетіледі. Оны Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің фейсбук парақшасынан көруге болады. Тікелей эфирде ән шырқалып, күй шертілмек. Сағат 15:00-де өлкемізге танымал домбырашы Бәйімбет Құбайдолла бірнеше туынды орындамақ. Жерлесіміздің өнерін облыстық кітапхананың әлеуметтік желілердегі парақшаларына кіріп, тамашалауға мүмкіндік бар.

Жархын Жұпархан – Облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметі орталығының бөлім басшысы:

– Облыстық филармония әншілерінің қатысуымен Абайдың әндері тікелей эфирде айтылатын болады. Одан тыс, ақынның көпшілікке жетпей жатқан кітаптары, біз естімеген дүниелері бар, соны дәріптеу мақсатында С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында елімізге, облысымызға танылған белгілі тұлғалармен кездесулер өтетін болады.

Бұл – іс-шаралардың бір парағасы ғана. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырылатын өзге де жиындарды, кездесулер мен бастамаларды жіберіп алмауға шақырады.

Молдир Шаяхмет