ТЖ

Петропавлда жер үй отқа оранып, 3 адам көз жұмды

Бүгін түнде Петропавлда қайғылы жағдай орын алды. Жұмысшы кентіндегі жер үйлердің бірі отқа оранып, салдарынан 3 адам ажал құшты. Екеуі – бала. Құрбандардың бәрі бір отбасының мүшелері. Оқиғаның мән-жайын білу үшін біздің арнаның түсірілім тобы жалын шарпыған баспанаға барып, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілімен тілдесті.

Жұмысшы кентіндегі Щорс көшесі. Бұл жерде орналасқан баспананың қазіргі күйіне қарап жан түршігеді. Жер үйден түк қалмаған. Бәріне бүгін түнгі екілерде бас көтерген қызыл жалын себеп. Төтенше жағдай туралы ақпар тым кеш түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде, от нысанның 80%-ын шарпып, көрші үйге тарап үлгерген екен. Тілсіз жауды құтқарушылар 20 минуттың ішінде ауыздықтайды. Көрші баспанада ешкім болмапты, ал апат орын алған шаңырақтан 3 бірдей адамның жансыз денесі табылды. Олар – 5 пен 9 жастағы балалар және 32 жастағы отағасы.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы:

 – Оқиға орнына 2 техника мен 7 адам жіберілді. Қызметкерлер сағат 02:51-де 2011 жылы туылған баланың денесін, бір минуттан кейін 2015 жылдың тумасын, тағы 3 минуттан кейін ересек адамның денесін анықтады.

Әкесі мен бір баланың жансыз денесі еденнен, ал екінші баланың мәйіті төсектен табылған. Шырт ұйқыда жатқан жанұя мүшелері жалынның бас көтергенін сезбеген де көрінеді. Бұл шақта отанасының қайда болғаны белгісіз. Тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр. Мамандар бұқараға бұл қайғылы оқиғадан сабақ алып, отпен абай болуды тағы бір қайтара ескертеді. Айта кеткен жөн, жыл басталғалы облыста өрттен 28 адам көз жұмған.

 

 

 

 

Жанна Бисенова