МТРА жаңалықтары

Ойқаладағы Потанин көшесі безендіріліп жатыр

Петропавл – Қазақстанның солтүстік қақпасы болса, Петропавлдың солтүстік қақпасы – Потанин көшесі. Теріскей жақтан бет алғандар шаһарға осы көше арқылы кіреді. Тек “қақпамыздың” сиқы ұзақ жылдар бойы сын көтермей келді. Биыл оған жан бітті деуге болады. Бүгінде ой қаладағы басты даңғылдың бойы көне орыс стилінде безендірілуде.

Қуаныш Бралин – жоба жетекшісі:

– Потанин көшесінің бойында 130-ға тарта үй бар. Түсі сұр, жартылай жерге кірген ескі баспаналардың көбі 100 жылға жуық уақыт бұрын тұрғызылған. Көктемде олардың тұрғындары қала әкіміне хат жазып, жөндеу жүргізуге қаржылай көмек сұрапты. Мұнда көбіне қарт зейнеткерлер, мүгедектер мен аз қамтылған жанұялар тұрады.

Тапқандары күнкөрісінен артылмайтын бұл жандарға үй жөндеу – арман еді. Бүгінде бұл арман орындалуда, оған қоса тегін. Потанинді сәндеуге қала қазынасынан бір тиын да жұмсалмапты. Шаруаны шаһар мен облыстың ірі кәсіпкерлері бірігіп, атқарып жатса керек. Демеушілік жоба, қысқасы. Қазір баспаналардың шатырлары ауыстырылып, қасбеті біркелкі дизайнда қапталып жатыр.

Қуаныш Рамазанов – қала тұрғыны:

– Мен бұрын осы көшеде тұрғанмын, қазір мұнда туысқандарым тұрады. Олардың қуанышында шек жоқ. Өз басым эскизді көріп, көңілім толды. Күзге қарай бұл аудан адам танымастай өзгереді деп ойламын.

Үйлердің сыртын қалыпқа келтірмес бұрын мердігерлер әр тұрғынмен кездесіп, рұқсатын алса керек. Кәсіпкерлердің сөзінше, олардың 90-95 пайызы мұндай сыйға разы. Десе де, көңілі толмай жатқандар да бар көрінеді. Кейбірі жөндеудің тегін екенін ұмытып, талап қойып жатыр дейді Асылбек Боганов.

Асылбек Боганов – «Shatyr Group KZ» ЖШС жетекшісі:

– Маған жөндеулеріңнің керегі жоқ, одан да жаңа үй тұрғызып беріңдер дегендер бар. Шатырымды ауыстырудың керегі жоқ, одан да қасбетін жөндеңдер деп те талап қойғандар болды. Көрші үйдің сырты менікіне қарағанда неге әдемірек деген наразылықты да естідік. Осындай келеңсіздіктер болмаса, бастама көпшілікке ұнады.

Демеушілер мұның бәрі – халық үшін жасалып жатыр дейді. Сөздерінше, сапа – басты назарда, сондықтан петропавлдықтардан іске шүбә келтірмеуді өтінеді. Көшеге дизайнерлік жарық шамдары мен аялдамалар, шағын мүсіндер қойылады. Тағы ағаштар егіледі. Олар қурап қалмасқа, отырғызуға ботаникалық бақтың агрономдары көмектеспек. Қалыпқа келтіру шаруасы қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жұмсалған соманы кәсіпкерлер жариялаудан бас тартты.

 

 

 

 

 

Саят Ермек