МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Карантин кезінде жасырын той өткізгендер анықталды

COVID-19-ды бүгінге дейін өңірімізде 3400-ден астам адам жұқтырған. Қуантарлығы – науқастардың 65 пайызы індеттен құлантаза айығып шықты. Өкінішке қарай, 16 жерлесіміз ауыр дерттен көз жұмды. Қазір провизорлық және инфекциялық стационарларда 1200 солтүстікқазақстандық инфекциямен күресуде. Олармен байланыста болған 500 тұрғын үй карантиніне жабылыпты.

Қайсар Әбішев – Петропавл қаласы прокурорының орынбасары:

– Үй карантиніндегі адамдар – қатаң бақылауда. Олардың денсаулығын медицина қызметкерлері жиі тексеріп отырады. Алайда, кей тұрғындар жағдайды түсінбейді. Өзінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіріп рұқсатсыз көшеге шығады. Бүгінге дейін мұндай құқық бұзушылық жасаған 21 факті анықталды. Ережені елемегендердің барлығына 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Ол-ол ма. Карантиннің күшейтілгеніне қарамай кей жандар думандатуын әлі де тоқтатар емес. 1 жарым аптаның өзінде жасырын мереке өткізбек болған 3 жағдай анықталды. Соңғысы тамыздың 5-і күні Қызылжар ауданына қарасты Архангельское ауылындағы Шіркеудің дәл жанынды болған. Той иелері шараға 70 адамды шақырыпты. Музыканың қатты шуы мен машиналар санының көбейгенін байқаған тұрғындардың бірі полицейлерге хабар берген. Оқиға орнына арнайы мониторингілік топ келіп, жас жұбайлар мен дін қызметкеріне әкімшілік хаттама толтырды.

Мұрат Қожамқұлов – СҚО прокурорының орынбасары:

– Ал алғашқы оқиға шілденің 29-ы орын алды. Заң бұзушыларды «Green park»-те той өткізіп жатқан жерінен анықтадық. Шараны қаладағы ауруханалардың біріндегі провизорлық стационарда істейтін санитар ұйымдастырыпты. Індетпен күресте алғы шепте жүрген жанның бұл әрекеті бәрін таң қалдырды. Екінші жағдай «Березовая роща» демалыс базасында тіркелді. Мұнда 30 қонақ шақырып, туған күнін атап өтпек болған тұрғын белгілі болды. Ережені елемеген мереке иелеріне әкімшілік жаза тағайындалды.

Арнайы мониторингілік топтың өкілдері қазір қоғамдық орындарды да қатаң бақылауға алды. Тамыздың 5-і тексеріске қала автобустары ілікті. Қызығы сол – халыққа ережені үйретуге келген қалалық әкімдік өкілінің өзі маскасыз болып шықты. Санитарлық норманы бұзған мемлекеттік қызметшінің фотосы әлеуметтік желіде талқыға түсіп, маман тіпті жұрттың күлкісіне де қалды.

Мұрат Қожамқұлов -СҚО прокурорының орынбасары:

– Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісінің бұл әрекеті назардан тыс қалмады. Қызметкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті материалдар жинақталды. Заң бұзушы жеке емес, лауазымды тұлға ретінде жазаланады. Жалпы, мониторингілік шаралар барысында автобус ішінде 43 заң бұзушылық анықталды. Жүргізушілердің бірі маскасыз болса, екіншісі бетперде кимеген адамды көлікке отырғызған.

Төтенше жағдай енгізілгелі өңір полицейлері карантин талаптарын бұзған 570 фактіні анықтады. Ережені елемеген кәсіпкерлер мен тұрғындарға жалпы сомасы 10 млн теңге айыппұл салынған.

 

 

Маржан Касымбек