Айыртау ауданында орақ науқаны басталды

Аптадағы маңызды жаңалықтар

21:05 7 Тамыз 2020

«Саумалкөл Агро» серіктестігінің арпа алқабында қазір 6 комбайн жүйткіп жүр. Біреуінің тізгінінде – тәжірибелі механизатор Леонид Гришин. Азаматтың техниканың тілін тауып, танап басында еңбектеніп жүргеніне 25 жылдан астам уақыт өтіпті. 80-ші жылдардың соңында ол ең бірінші рет «Енисейдің» рөліне отырған. Кейін «Нива» комбайнына ауысыпты. Ал, бүгінде Леонид Гришиннің астында – су жаңа «John Deer». Үшеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей дейді маман.

Леонид Гришин – «Саумалкөл Агро» ЖШС механизаторы, Айыртау ауданы:

– Қазіргі техниканы мінгенде ертегіде жүргендей сезімде боласың. Іші өте жайлы, кең, кондиционері де бар. Комбайндар жанар-жағармайды айтарлықтай үнемдейді. Жылдамдығы ескілерімен салыстырғанда жоғарырақ, сондықтан астықты оруға бұрынғыдай көп уақыт кетпейді. Жұмысыма көңілім толады. Жаңа басшылық барлық жағдайда жасап жатыр. Бастысы – жалақыны уақытылы төлейді.

«Саумалкөл Агро» серіктестігі жұмысын 2019 жылы бастапты. Оған дейін бұл алқаптарға аты шулы «Алиби-Агро» компаниясы иелік еткен. Банкротқа ұшырағаннан кейін кәсіпорынның жері де, техникасы да жайымен қалды. Тракторлар мен комбайндар жөндеуді талап етсе, танаптардың құнарлылығын арттыру қажет болған. Былтыр диқандар гектарынан бар-жоғы 12 центнер астық алыпты. Көрсеткішті өсірмекке жаңа инвесторлар барлық агротехнологияларды қолданған. Топырақтың құрамын қалыпқа келтіру үшін минералды тыңайтқыштар сіңіріліп, аурулар мен зиянкестерге, арамшөпке қарсы гербицидтер мен пестицидтер пайдаланған. Маңызды науқанға орай 200-ге жуық техниканың бөлшектерін ауыстырып, сақадай сайлапты. Қосымша 30 бірлігін сатып та алған. Бір жылдық ауқымды шаруаның нәтижесі – міне. Мамырда егілген арпа жығуға дайын. Бұл жолы гектар берекелігі бақандай 22 центнер.

Қайрат Рахымжанов – «Саумалкөл Агро» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Бізде 20 мың гектар алқап бар. Оның 12 мыңына – бидай, 4 мыңына – арпа ектік. Қалған аумақты – зығырға арнадық. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жиналған алтын дәннің сапасы мен көлемі жақсы. Серіктестікте 230 адам екі қолға бір күрекпен қамтылған. Өткен жылы мамандардың жалақысын көтердік. Еңбеккерлерді жем және шөппен қамтамасыз етеміз. Одан бөлек, кәсіпорын орналасқан Каменный брод елді мекеніне де барынша қолдау көрсетуге тырысудамыз.

Бүгінде Айыртау ауданы бойынша 10 шақты агроқұрылым өзгелерінен ерте орақ науқанын бастап кетіпті. Жалпы маңызды шаруа 374 мың гектар алқапта жүргізілмек.

Дархан Әмрин – Айыртау ауданының әкімі:

– Биыл диқандар 269 мың гектар алқапқа – дәнді, 60 мың гектар жерге – майлы дақыл екті. Қазір астықтың жағдайы жақсы. Өткен аптада жауын жауып, топырақтың ылғалдылығы артты. Аграрийлер ағымдағы жылы 10 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіріп, танаптарды химиялық өңдеуден өткізді. Орақ науқанын жүргізуге қажетті жанар-жағармаймен диқандарды қамтыдық. Шаруа ойдағыдай жүргізілуде.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

СҚО-дағы 7 ауданда карантин шаралары енгізілді
Праймериз пікірсайыстары басталды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың СҚО-ға жасаған іссапары
Өңірге қысқа қажет көмір қорының 60 пайызы жеткізілген
Жолдауда жүктелген міндеттер талқыланды
Биыл өңірде 270 ауыл жаңа кейіпке енеді
Жедел жәрдем орталығы жаңа 18 қызметтік көлікпен толықты
Президенттің кезекті жолдауы жарияланды
Президент Солтүстік Қазақстандағы орақ науқанының барысымен танысты
Құс тұмауы СҚО-да 11 ауданда тіркелді
Емханаларға тіркелу науқаны бастау алды
Облыс орталығында іскер әйелдердің форумы өтті