МТРА жаңалықтары

54 мыңға жуық солтүстікқазақстандыққа 63 750 теңге берілді

Саят Ермек – тілші:

– Елдегі эпидахуал ақырындап тұрақталып келеді. COVID-19-ды жұқтырғандардың саны азаюда, жазылып шыққандар керісінше көбейіп жатыр. Сондықтан, карантин тағы екі аптаға ұзартылады деп қазақстандықтар ойламаған еді. Бірақ, билік жағаны жайлауға жіберуге әлі ерте дейді. Оң динамиканы сақтап қалу керек, сол себепті тамыздың 17-сіне дейін шектеулердің барлығы күшінде қалады, ал табысынан айырылғандарға жарты ай үшін минималдық жалақының тең жартысы, яғни 21 250 теңге төленеді.

42 500 теңгені шілде айында алғандарға жанағы 21 250 автоматты түрде аударылады. Екінші рет өтініш берудің қажеті жоқ. Ал жәрдемақыға карантин ұзартылғаннан кейін өтініш бергендерге 1,5 ай үшін әлеуметтік төлем бірден жасалады. Яғни, шотқа 63 750 теңге түседі деген сөз.

Лариса Шереметьева, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Әлеуметтік төлемге өтініш бере алатындардың санаты сол қалпы қалды. Жәрдемақы баяғыша карантин кезінде табысынан айырылғандарға ғана беріледі. Бұл – жалдамалы жұмысшылар, жеке практикамен айналысатын адамдар, жеке кәсіпкерлер, фрилансерлер мен біріңғай жиындық төлеу жасаушылар.

Өтініш беру жолдары да өзгеріссіз қалды. Бұл – электрондық үкімет және 42500.enbek.kz порталдары, телеграм-бот. Ал БЖТ төлеушілеріне қаражат автоматты түрде аударылады. Сондай-ақ, өтінімді екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы жіберу мүмкіндігі пайда болды. Ал егер жәрдемақы төлеуден сізге негізсіз бас тартылды деп санасаңыз, шағым түсіруге болады. Желтоқсанның 1-іне дейін өзіңіз тұратын аудан немесе қаладағы штабқа арыз жазу керек. Алайда, азамат әлеуметтік төлемге шынымен де мұқтаж екенін дәлелдеуі тиіс. Бұл үшін жауапты органға табысынан айырылғанын растайтын құжаттарды, жеке табыс салығы бойынша декларацияны ұсыну қажет. Ал жалдамалы еңбеккерлер жұмыс берушісінен ақысыз еңбек демалысына жіберу актісінің көшірмесін алуы тиіс.

Саят Ермек – тілші:

– Соңғы келіп түскен ақпаратқа сәйкес, шілденің 17-сінен бүгінге дейін әлеуметтік төлем 54 мыңға тарта солтүстікқазақстандыққа берілген. Әлеуметтік сақтандыру қорының өңірдегі басшысының айтуынша олардың бәріне тамыз айы үшін 21 250 теңге аударылған. Бұл мақсатқа қордың облыстық филиалы 3 млрд 373 млн теңге жұмсапты.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек