МТРА жаңалықтары

Жеміс-жидек пен көкөністің сапасы қатаң бақыланады

Қазір дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыздарды барлық азық-түлік дүкенінен табуға болады. Бірақ оларды сатып алмас бұрын, піскеніне толық көз жеткізу қажет.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Бұл жемістердің піскенін дәмін татпай-ақ анықтауға мүмкіндік бар. Мәселен, қарбызды жан-жағындағы сызықтарына қарап білесіз. Егер олар қанық түсте болса, кесіп жей беріңіз. Ал қауынды айналдырып көресіз. Жұмсақ жерін байқамадыңыз ба? Демек дастарханға қоюға болады.

Тілге тиек еткен ережені көбі біледі. Халықтың басым бөлігі сатып алар кезде өнімнің жан-жағын жақсылап қарайды, өзге де тәжірибеге сүйенеді. Сатушылардан ақыл-кеңес сұрайды. Бұл өте дұрыс. Себебі, сапасыз жеміс-жидек ішек инфекциясын тудыруы мүмкін.

– Сатушылардың өздерінен тексеріп көруді сұраймын. Олар ұстап, шертіп көріп, жақсысын таңдап береді. Бірде-бір рет жемістің дәмсіз болғанын байқамадым.

 – Қарбызды кескенен соң, бір бөлігін суға салып қоямын. Егер судың түсі қатты өзгерсе, оны жемеу керек. Өйткені, оған дәрі қосылған.

Қауын, қарбыз, әнгелек, өрік, алхоры мен шабдалы. Бұлардың барлығы елімізде өседі. Ал мандарин мен апельсин Қазақстанға Пәкістаннан, Мысырдан импортталады. Сонау жақтан жеткізгенше бірнеше күн өтетіні мәлім. Жолда олардың бүлінуі, кейбірінің сақтау мерзімі өтуі мүмкін.
Сондықтан жергілікті мамандар тауарды сауда нүктелеріне жібермес бұрын сынама алады. Нәтижесі талапқа сай келмесе, мысалы,
құрамындағы нитрат мөлшері шамадан тыс болса, өнім арнайы жерде жойылады.

Гүлнәр Нұрикинова – «Фитосанитария» РМК СҚОФ маманы:

– Маусым мен шілде айларында 102 сынама зерттелді. Барлығының нәтижесі жақсы болып шықты. Жеміс-жидектердің құрамындағы нитрат – өз мөлшерінде. Егер тұрғындар өнімдерді өздері тексеріп көргісі келсе, «Южный» базарындағы біздің мекемеге келе алады. Мұндағы мамандар кез-келген тауардың құрамын, сапасын 20 минуттың ішінде анықтап береді. Қызмет ақылы түрде көрсетіледі.

Ал жыл басынан бері жергілікті мамандар 3259 рет сынама алып, зерттеу жүргізген. Бір қуантарлығы – бір де бір сапасы нашар өнім анықталмапты.

 

 

 

Маржан Касымбек