Көлік және жолдар

Жөнделген жолдың сапасы сын көтермейді

Сонау кеңес үкіметі кезінде салынған “Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл” бағытындағы тас жол былтыр жөнделді. Бұл іс мүсіреповтық ағайынды қатты қуантты. Бірақ, көп кешікпей жерлестеріміздің қуанышы су сепкендей басылды. Қалыпқа келтірілген аумақтарда қайта ой-шұқыр пайда болды.

Ерлан Әділбек – Ғ.Мүсірепов аудандық мәслихатының хатшысы:

 – Біз жөндеу жұмысымен айналысқан серіктестіктің басшысымен кездесіп, мәселені талқыладық. Әңгіме барысында учаске сапасыз жөнделіп жатқандығын айттық. Сонда ол қолайсыз ауа райына байланысты істі осылай тындырып жатырмыз деп ақталды. Мұнымен келіспедік. Мердігер шаруаны қолға алғасын, оны жауын шашынға қарамастан сапалы аяқтауы тиіс еді.

Жалпы, “жөнделген” аумақ 19 шақырымды құрайды. Іске бақандай 719 млн теңге жұмсалған екен. Бірақ, өздеріңіз көріп тұрғандай трасса – ой-шұқыр. Сонда қыруар қаржы қайда кетті? Бұл мәселе “Сапалы жол” жобасы аясында құрылған мониторингілік топтың назарын аудартты. Мамандар аумаққа арнайы келіп, жағдаймен танысуда.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Жөнделген жолдың бірнеше жерінен сынама алып, зертханаға жібердік. Оған қоса, асфальттың беткі қабатып қырып, аумақтың қаншалықты нормаға сай келетіндігін тексердік. Осы сынама қорытындылары бойынша акт толтырылатын болады.

Айта кеткен жөн, жұмысты “Новинтех” серіктестігі атқарды. Аталған кәсіпорын – солтүсікқазақстандық.

Мақсат Баяхмет – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Осы жылдың басында жол қабатының бұзылу фактісі анықталды. Мұны біз бақылауымызға алып, тапсырыс беруші ретінде мердігерге жағдайды реттеуді тапсырдық. Іске жауапты компания шаруадан бас тартты. Олар ол жолмен ауыр жүк көліктері жүреді, солар асфальты бұзды деп отыр. Сондықтан біз сотқа арыз жаздық.

Қазір Петропавл қалалық экономикалық соты мәселені қарап жатыр екен. Шешім алдағы айларда шықпақ.

 

 

Бисенова Жанна