Денсаулық сақтау

Сұраныстағы дәрі-дәрмектің бар-жоғы және бағасы – бақылауда

Мониторингілік топтар облыс дәріханаларындағы ахуалды бақылауды жалғастыруда. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен 41 медикамент аталымының бар-жоғы әрі бағасы ұдайы тексеріліп жатыр. Ең алдымен Петропавлдағы жағдайға тоқталайық.

– Дефицит шаһарда әлі де байқалады. Кей дәрілер сатылымда мүлде жоқ, кейбірінің саны өте шектеулі. Аталымдары тізімде көрсетілген. Ал парацетомолдың Петропавл дәріханаларында 17 мыңнан астам, аспириннің 2,5 мыңға жуық қаптамасы бар екен. Айта кетейік, бұл тамыздың 5-і күнгі мәлімет.

Мамандар сатылымда жоқ немесе тапшы дәрілердің аналогтарын алуға кеңес береді. Сауда орындарында балама препараттар бар. Сондай-ақ, қаладағы дәріханалар желісінің біріне сынап термометрлері жеткізілген. Градусниктердің көктемнен берігі тапшылығына Қытаймен арадағы шекараның жабылуы және құрылғыларды шығаратын отандық жалғыз зауыттың жұмысын тоқтатуы себепші болған екен. Ал аудандардағы ахуал мынадай.

Виктория Альпеева – СҚО экономикалық тергеу департаменті алдын-алу жұмыстары және бақылау басқармасының басшысы:

– Бүгінде Тимирязев ауданындағы дәріханаларда парацетомол мүлде жоқ. Дәл сол Тимрязев пен Уәлиханов аудандарында вирусқа қарсы препараттар тапшы. Ал аспирин болса – Ақжар мен тағы да Тимирязев ауданында дефицит.

Осыдан біршама уақыт бұрын жағдай бұдан да мүшкіл болған. Бұл ахуалдың тұрақталған түрі. 8 ауданда қажетті дәрі-дәрімектердің резервтік қоры жарақталған екен. Аптасына екі рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері препараттар аудан орталықтарындағы дәріханаларға жеткізіліп тұрады. Одан қалды медикаменттер шалғайда жатқан ауылдардағы медпункттер мен ФАП-тарға да үздіксіз жөнелтіліп жатыр. Қуантары, бір де бір ауданда бағаны негізсіз шарықтату фактісі тіркелмеген. Ал Петропавлда…

Виктория Альпеева – СҚО экономикалық тергеу департаменті алдын-алу жұмыстары және бақылау басқармасының басшысы:

– Шілденің 20-сы мен тамыздың 4-і аралығында қалада жүргізілген мониторинг нәтижесінде 7 дәріханада бұзушылық анықталды. Препараттардың қымбаттауы тек 1 сауда нүктесінде тіркелсе, қалған 6-уы медициналық масканың құнын шектен тыс өсіріп жіберген. Әңгіме барысында фармацевтер бетперделер ертеректе, өзіндік бағасы қымбат болған шақта сатып алынған деп ақталды. Кәсіпкерлер қорғаныс құралын арзанға өткізіп, шығынға батқылары келмейді.

Сөрелерге қойылған дәрілердің тиісті сертификаттарының болуы да тексерілуде. Шілденің соңында Алматыда заңсыз цех әшкереленген еді. Мұнда сапасы күман тудыратын, құжаттары жоқ 100 тонна препарат тәркіленді. Контрафактілік тауардың Петропавл дәріханаларына түсуі де ғажап емес. Алайда, тексеріс барысында мамандар ешқандай бұзушылық таппаған.

 

 

 

Саят Ермек