Ауыл шаруашылығы

Өңірде бал жинау науқаны жүріп жатыр

Олег Гаврилов – өңірдегі ең танымал омарташылардың бірі. Ол ара шаруашылығымен 10 жылдан аса уақыт айналысады. Бүгінде оның 3 бірдей омарташылығы бар. Әрқайсысы әр жерде орналасқан. Нақтырақ айтсақ, қазір азамат жәндіктерді қарақұмық, рапс, күнбағыс алқаптарына жайып, бал жинауда.

Олег Гаврилов – «Пасека Қызылжар» ЖШС директоры:

 – Қазір аралар жайылған 3 алқап та гүлдеп тұр. Басты омарташылық Мамлют ауданының Пчелино селосының маңында орналасқан. Жақында оны басқа жерге ауыстырамыз. Ал мына күнбағыс өскен танапқа 6 күн бұрын келдік. Қазір жәндіктер шырын жинауда.

Шырын он күннің көлемінде жиналып, табиғи таза тәттіге айналады. Нәтижесінде бұл үшінші әрі соңғы түсім болмақ. Күнбағыс балының пайдасы зор. Оны қант диабеті мен асқазан ауруларына шалдыққан жандар тұтыну қажет. Әсіресе, қазіргі эпидемия кезінде ас мәзіріне қосқан жөн.

Жанна Бисенова – тілші:

– Жаз. Тамыз айы. Дәл осы күнбағыс алқабында биылғы жылғы тәтті өнімінің соңғы түсімі болмақ. Бірақ, күннің күрт ысуына байланысты күнбағыстар тезірек кеуіп қалады екен. Осыған орай шырын көлемі азайып, тәтті өнімнің мөлшері біршама азайып отыр екен.

Мәселен, бұрын 1 күнде – 8-10, ал қазір 2-3 келі шырын жиналады. Өнім көлемі артуы үшін ауа температурасы 16 мен 25 градустың аралығын құрауы тиіс екен. Айта кеткен жөн, биыл Олег Гаврилов алғаш рет жаңа технология бойынша бал жинауда.

Олег Гаврилов – «Пасека Қызылжар» ЖШС директоры:

– Тың технология ара ұяларында қолданылады. Жаңашылдық аясында біз мына тұрған жәшіктердің ішін қажетті заттармен жабдықтап, жәндіктерді жібереміз. Аралар көктемнен күзге дейін сонда болады. Ара-тұра шығап, шырын жинайды. Себепсіз ашпаймыз. Осындай әдістің арқасында бал тез жиналады. Мұндай технология табиғи процесске өте ұқсайды.

Сонымен қатар, омарташы тың тәсілдің арқасында ара ұяларынан балдан бөлек, тозаң мен балауыз да алуға болады дейді. Олег Гавриловтың сөзінше, биыл жәндіктер солтүстікте алғаш рет қыстамақ. Себебі, еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты оңтүстікке бару – қауіпті әрі қалтаға салмақ салады. Жалпы, “Қызылжар” омарташылғында – 150, ал облысымызда 3 мың ара отбасысы бар екен.

 

 

 

Жанна Бисенова