МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданында туристік базалардың саны артуда

Ыстық бауырсақ, салқын қымыз бен киіз үй. Еркінбек Оқас пен Айнұр Жәкейқызы бала-шағасымен Имантау көлінің жағасында биыл алғаш тынығуда. Мегаполистегі күйбең тіршіліктен шаршаған елордалық отбасы нағыз көшпелі қазақтың демалысын таңдапты. Қарағайлы өлкеге отбасы шіліңгір шілденің 23 жұлдызында келді. Табиғаты талайды тамсандыратын ерекше аймаққа туристер бір көргеннен ғашық болыпты.

Еркінбек Оқас:

 – Табиғаты, табиғатының ерекшелігі, көлі ұнап жатыр. Басында бір апта демаламыз деп ойлап едік. Сосын тағы үш күнге, тағы бір аптаға создық. Осы айдың 9-ына дейін демаламыз. Барлығы ұнағаннан кейін қалып отырмыз ғой.

Талай ауруға ем болатын қарағайлы орман, суы мөлдір көл мен тынысыңды ашатын таза ауа. Солтүстіктің інжу моншағы саналатын Имантаудың жағасындағы демалысты Мысыр, Түркия мен Араб әмірлігіндегі курорттармен салыстыруға да келмейді дейді Айнұр Жәкейқызы.

Айнұр Жәкейқызы:

-Таңертең ерте тұрып, көлдің жағасында қыдырамыз. Түсте тамақ ішіп, суға шомыламыз. Кешке тауға шығамыз. Осы жақтан тура шықсаң, тауға апаратын жол бар. Барлығы ұнайды.

Қарағайлы өлкеде өткізген әрбір сәт – ерекше дейді жанұя мүшелері. Отбасылық демалыстың аяқталуына әлі бірнеше күн бар. Алайда, елордалықтар келесі жылы да Имантауға оралуға асық. «Тихая Заводь» базасы 2019-шы жылдан бері туристерді қабылдауда. Өткен жылы табиғат аясында тыныққан жандар биыл да суға шомылып, таза ауамен тыныстауға қайта келіп жатыр.

Есен Айтбеков:

 – Экологиясы, суы таза. Санитарлық жағынан да барлық нормалар орындалады. Адамдар мұнда аз. Барлығы жақсы деп ойлаймын. Бүгін келдік. Осы жетінің соңына дейін боламыз. Жолдасыммен келдік. Баламды да алып келдім.

Кез келген туристке жан тыныштығын сыйлайтын «Тихая заводь» базасы қазір кеңейіп жатыр. Алдағы уақытта тынығушылар 3 мәрте жергілікті дәмханада тамақтана алады. Демалуға келгендердің қатарын арттыру үшін шырайлы мекенде тұрғын-жайлардың санын көбейтуде. Қарапайым үй мен киіз үйден бөлек, мұнда күмбез тәріздес баспаналар да бар.

Айнұр Әділханқызы – «Тихая Заводь» демалыс базасының әкімшісі, Айыртау ауданы:

– Бұл – менің жұбайымның идеясы. Өзі жасады. Үйлер 4 адамға арналға. Алдында беседкасы бар. Барлық керек-жарақпен қамтылған.

Қарағайлы орманның ортасында, Имантау көлінің жағасында бой көтеріп жатқан тағы бір база – «Қазығұрт». Демалыс орны туристерді биылдан бастап қабылдауда. Әзірге мұнда тек бір баспана тұр. Екі қабатты коттедж табиғат аясындағы демалысқа қажет барлық керек-жарақпен қамтылған. Ас үй, екі бөлме мен терасса да бар. 10 адамға арналған үйлердің мұнда тағы 9-ын салу жоспарлануда. Бүгінде Айыртау ауданы бойынша 40 турбаза жұмыс істейді. Жақын арада демалыс орындарының саны үшеуге толықпақ.

Аманбек Махметов – Айыртау аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

-Мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша қанша адамға орын бере алсақ, соларды қабылдаймыз. Қазір барлығы толық.

Былтыр Шалқар мен Имантауды дамыту бойынша кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Курорттық аймақты гүлдендіруге 22 млрд 700 млн теңге бағытталмақ. Қаражатқа жолдар жөнделіп, су мен кәріз жүйесі жасалып, жарықтандыру мәселесі шешіледі. Тағы ұялы байланыс желісін тартып, интернетпен қамту көзделіп отыр. Жүргізілетін шаруаның нәтижесінде туристердің саны артпақ. Былтырғы көрсеткіш 65 мыңды құрапты. Ал, 2025 жылы солтүстіктің інжу маржанында демалатындардың қатары 10 есеге көбейеді деп күтілуде.

 

 

Эльмира Садвокасова