Әр түрлі

Жануарларды қорлағандарға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін

Бұл видео осыдан 2 ай бұрын түсірілген. Атыраулық тас жүрек азамат иттің басын асқан жауыздықпен тоназытқыштың есігіне қысып, қорлық көрсетуде. Әйтеуір қатыгездікті жақын маңда жүрген адам байқап, жануарды өлімнен құтқарды. Осыған ұқсас келесі оқиға Алматы облысында орын алды. Мұнда екі жасөспірім төртаяқтыны қапқа салып, үстіне бензин құйып, өртеген.

Итті өрттеп, оны видеоға түсіріп, өздерінше «кайф» ұстағандардың жасы небәрі 15 пен 16-да. Бесіктен белдері шықпай қатыгездік танытқан жастардың ісі көпшіліктің жағасын ұстатты. Жұрт әлеуметтік желілерде жарыса пікір қалдырды. Өкінішке қарай, маусым айында мұндай сұмдық жайт өңірімізде де тіркелді.

Бескөл ауылының 2 тұрғыны туберкулезден қорғану үшін итті сойып, еті мен майын алмақшы болған. Алайда көрші әйел жауыздардың ісін байқап қалып, оларды тоқтатқан екен. Бұл видео жер-жерде жарияланды, қос азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Дегенмен бұл оларға сабақ болмаған сыңайлы. Жанағы нәзік жанды шамамен 2 айдан соң итті бауыздауға талпынған әлгі адамдардың үйіне барыпты. Сонда қан, сою құралдарын көрген. Ол бірден тәртіп сақшыларына хабар беріпті. Мұнда да жаза ескертумен шектеліпті. Десе де, жақын арада жағдай өзгермек. Қазір Қазақстанда жануарларды қорғауға қатысты заң жобасы әзірленуде. Бұл жайлы экология министрлігі ұйымдастырған онлайн жиын барысында айтылды.

Мағзұм Мырзағалиев – ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы хабарлар әлеуметтік желіде жиі кездесіп жатыр. Алайда бұл жандарға тағайындалатын жаза – тым жеңіл. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша бірінші кезекте хайуанаттар бағына қойылатын талаптарды күшейтуді алға қойып отырмыз.

Ол үшін ең алдымен әр өңірде қоғамдық бақылау тобы құрылмақ. Ұйым өкілдері жануарлар сақталатын орындарды тексерістен өткізетін болады. Тағы бір мәселеге тоқталайық. Бұдан былай қанғыбас, ауру иттер бірден атылмайды. Оларды мамандар кем дегенде екі ай емдейді.

Егер нәтиже болмаса, ешкім жоқ жерде атылады. Ал егер осы ереже еленбесе, өзге де қорлық фактілері тіркелсе, мынадай жаза қолданылуы мүмкін.

Юлия Коваленко:

 – ҚР ҚК-нің 316-бабына мынадай толықтырулар енгізуді ұсынып отырмыз. Егер адам жануарға қорлық көрсетсе, әкімшілік хаттама толтырылып, оған 200 АЕК көлемінде айыппұл салынынса немесе 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылса дейміз. Немесе 60 тәулікке қамауға алуды сұраймыз.

Сонымен қатар, жануарларды далаға тастап, ас-сусыз қалдырғандарға да осындай жаза тағайындалуы мүмкін. Алайда, заң жобасының қашан күшіне енетіні белгісіз.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек