Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенатор Е.Сұлтанов өңірде жұмыс сапарымен жүр

Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов алдымен Айыртау ауданына қарасты Антоновка ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, ел аумағында енгізіліп жатқан заңдар мен жаңашылдықтар туралы айтты.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Парламенттің кезекті сессиясында 60 заң қабылданды. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңында өзгерістер орын алды. Елімізде екпе егу міндеттелді. Бірақ, бірқатар жеңілдіктер бар. Мысалы, мектепке баратын балаларға, ересектер жұмысқа тұрған кезде вакцинация жасамауға болады. Ал балабақша тәрбиеленушілері міндетті түрде екпе қабылдау қажет. Сондай-ақ, «Еңбек» кодексіне де бірқатар өзгертулер енгізілді. Енді еңбек шарты электронды форматта тіркелетін болды. Мұнымен қоса, әскерге шақырылғандардың жұмыс орны сақталатын болады.

Антоновка ауылында 1218 адам тұрады. Елді мекенде негізінен ауыз су мәселесі өзекті тұр. Ерік Хамзаұлы бұл проблемамен жақсы таныс. Сәтін салса, келесі жылы мұнда 19 шақырымдық су тарату желісі ауыстырылып, әр үйге тіршілік көзі тартылады деп уәде берді. Бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 400 миллион теңге қарастырылатын болады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр екен.

ДАРХАН ӘМРИН, АЙЫРТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Антоновка ауылында 416 үй бар. Қазіргі таңда 37 аулаға ауыз су жеткізілген. Былтыр ауыл тұрғындары су тарату желісін салу мәселесін көтерген болатын. Бұны сіз де қолдаған едіңіз. Себебі, су құбыры жылда істен шығады. Міне, биыл жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Оған 10 миллион теңге бөлінді. Келесі жылы жұмысты бастаймыз. Нәтижесінде тұрғындарды 100% ауыз сумен қамтымақпыз.

Бұдан кейін сенатор Есіл ауданына қарасты Заградовка елді мекеніне барды. Ауылдың жағдайы жаман емес. Мәселен, биыл «Заградовское» ЖШС-і 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферма ашты. Осыған байланысты 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Сенат депутаты 4 жыл бұрын агроқұрылым қаржысына елді мекенде салынған фельдшерлік-акушерлік пунктпен, 35 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген мәдениет үйімен танысты. Сондай-ақ, осы селодағы тағы бір шаруашылық – «Прометей- Агро» серіктестігіне де барды. Кәсіпорын басшысы Иван Шоль өткен жылы мәдени-демалыс орталығын ашты. Бұл жерде жайлы дәмхана, балалардың ойын бөлмесі, бильярд залы пен қонақ үй жұмыс істейді. Жалпы, меценаттар өздері тұратын ауылды көркейтуге белсенді ат салысуда.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Заградовка – өте тамаша. Шоль Юрий Иванович, Фисенко Иван Феофанович мына әлеуметтік жағдайға көңіл аударып, үлкен жұмыс істеп отыр. Жаңа клубта болдық. Бұрыңғы клубты ресторан қылған. Оның ішінде бильярд, балаларға арналған ойын бөлмесін жасаған. Соның бәріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар, олар мал шаруашылығын көтеріп жатыр.

ЮРИЙ ШОЛЬ, «ПРОМОТЕЙ-АГРО» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

– «Промотей-Агро» ЖШС 1998 жылы құрылды. Біз 22 жыл ауыл шаруашылығымен айналысамыз. Жаңа технологияларды қолданамыз, алқаптарға минералды тыңайтқыштарды сіңіреміз. Осының нәтижесінде жақсы өнім жинаймыз. Ауылдың дамуына да айрықша көңіл бөлеміз. Былтыр 3 отбасыға арнап жаңа 3 үй салдық. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар үшін хоккей кортын да тұрғыздық.

Сапар барысында халық қалаулысы Заградовка орта мектебіне де соғып, мұндағы күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. Қазір білім ұясының шатыры мен есіктері ауыстырылуда. Барлық жұмыстар қыркүйек айында аяқталмақ. Бұл мақсатқа 70 миллион теңгеге жуық қаржы бағытталыпты.

Сапар соңында сенат депутаты Ерік Хамзаұлы аудандарда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.