МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңесте қаралатын тәртіптік істердің саны азайған

“Дипломмен ауылға”! Елімізде аталған бағдарлама арқылы жас ұстаздар, дәрігерлер жан-жаққа жіберіліп, жұмысқа кірісетіні мәлім. Жақында бұл тізімге мемлекеттік қызметшілер де қосылды. Яғни, енді олар да елді мекендерге жолдама алып, сол жақта еңбек ететін болады. Мұндағы мақсат – селоларда маман тапшылығын жою. Келесі мәселе – біліктілікті арттыру. Бұл бағытта өлкемізді біраз шаруа атқарылыпты.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 2020 жылдың 1-ші жартыжылдығында облысымызда 498 мемлекеттік қызметші оқытылды. Қазіргі таңда да оқыту процессі жүріп жатыр. Мамандар қашықтықтан білім алуда. Осы орайда айта кеткен жөн, соңғы курс студенттерін мемлекеттік қызметке тарту мақсатында арнайы оқыту ұйымдастырылды. Нәтижесінде 14 түлек сертификатқа ие болды. Халықпен тиімді кері байланыс орнатуға да айрықша мән береміз. 6 ай ішінде қашықтықтан 29 жеке қабылдау ұйымдастырылды. Департамент өкілдері 49 адаммен тілдесіп, сұрақтарына жауап берді.

Брфингте Елена Степаненко өзге де мәселелерге тоқталды. Оның сөзінше, биыл әдеп жөніндегі кеңестерде қаралатын тәртіптік істердің саны әжептәуір қысқарыпты. Тиісінше, басы дауға қалған мемлекеттік қызметшілердің де қатары 20,7% азайған.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бұл статистика өңірімізде атқарушылық тәртіптің артқанын айғақтап тұр. Біз аталған бағытта ауқымды шаруа атқардық. Мысалы, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, лекциялар ұйымдастырылды. Әлі де аянбай еңбек ететін боламыз.

Тұрғындардан түсетін шағым да азайған. Қаңтар-маусым аралығындағы деңгей былтырғыдан 36.3% төмен. Мемлекеттік қызметтердің жайына тоқталайық. Алғашқы жартыжылдықта солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі шаруаны электронды форматта тындырыпты. Көрсеткіш 92,5% құрайды. Іс кезінде бұзушылық фактілері де орын алыпты.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Департамент мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасын да бақылайды. 6 ай ішінде 7 тексеріс шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде 522 бұзушылық анықталды. Қателіктерді түзету бағытында да еңбек етеміз.

Айта кетейік, департаментке мемлекеттік қызмет алушылар шағым білдіре алады. Оларды жіті қарау – мамандардың негізгі міндеті. Жарты жылда 19 өтініш қаралып, 4-еуі бойынша тұрғындардың дәлелдері расталған. Нәтижесінде жерлестеріміздің құқығы қалпына келтіріліпті.

 

 

Култанов Байболат