Спорт

Биыл Петропавлда 15 спорттық алаң пайда болады

Үстіміздегі жылы облыс орталығында 15 спорттық алаң пайда болады. Оның біреуі қазір “Қарасай” стадионына қарама-қарсы орналасқан саябақта салынып жатыр. Мұнда тұрғындар қыркүйек айынан бастап баскетбол, волейбол, футбол ойнамақ. Тағы, арнайы жолақта жүгіріп, тренажерларда жаттықпақ.

Бұл – “Қарасай” стадионына қарама-қарсы орналасқан саябақ. Бұрын бұл жерде қоқыс шашылып жататын. Адам өміріне қауіпті ескі, шіріген ағаштар да көп еді. Жақында олардың біразы кесілді. Орнында спорттық ойын алаңы салынуда. Бұған тұрғындар дән риза.

– Өзім жақын жерде тұрамын. Құрылыс жұмыстары аяқталғасын алаңға келіп, ашық аспан астында жаттығатын боламын.

 – Тағы бір спорттық алаңның салынып жатқанына қуаныштымын.

Жауапты іс шілденің соңында басталыпты. Жұмысқа 10 адам жұмылдырылған екен. Олар бүгінге дейін волейбол мен баскетбол алаңдарына асфальт төсепті. Қазір жүгіру жолағын дайындауда. Нақтырақ айтсақ, арнайы техниканы тізгіндеген маман аумаққа құм төсеуде.

Александр Ушаков – “Ушаков А.С” ЖК басшысы:

– Кіреберісте тротуар жасалады. Қазір оның орны тегістеліп жатыр. Қойылатын жиектастар әкелінді. Бір-екі күнде асфальт төсейміз. Айта кету қажет, спорттық ойын алаңы саябақтың ішінде орналасқан. Мұнда келген жандар жаттығып қана қоймай, табиғаттың тамаша көрінісіне куә болады.

Жаңа ойын алаңы спорт сүйер қауымның игілігіне қыркүйек айының ортасына дейін тапсырылмақ. Жалпы, биыл облыс орталығында 15 шағын жаттығу алаңын тұрғызу жоспарланған.

 

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек