Денсаулық сақтау

“Ситуациялық орталық” эпидемияға қарсы іс-шараларды қадағалайды

Дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасы, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен карантин қағидаларының сақталуы. Мұның бәрін өңірде арнайы құрылған ситуациялық орталық өкілдері бақылайды. Мамандар бүгінгі дейін бірқатар олқылық анықтап, тиісті шара қолданыпты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде айтылды.

Осыдан бір ай бұрын өңірде прокурорлардың бастамасымен “Ситуациялық орталық” құрылды. Оның негізгі міндеті – күн сайын эпидемияға қарсы іс-шараларды қадағалап, талдап жасау. Жауапты шаруамен 5 бірдей мониторингілік топ айналысады. Олар дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасын, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен карантин қағидаларының сақталуын бақылайды. Және ағайынды алаңдатқан мәселелерді шешуге ат салысады.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары:

– Мониторингілік топтың негізгі мақсаты – халыққа коронавирус кезінде толғандырып жатқан мәселелерді жеткізу. Және медициналық қызметтердің сапасын бақылау.

Енді мониторингілік топтар атқарып жатқан шаруаға жіті тоқталайық. Жақында 1 топ маман облыстың барлық провизорлық және инфекциялық стационарларын аралаған. Онда ИВЛ аппараттарының, оттегі концентраттарының, медициналық препараттардың қаншалықты жеткілікті екені тексеріліпті. Сонымен қатар, бақылау топтары өңірге жеткізілген гуманитарлық көмекті қабылдап, тиісті көлемде бөлінуін, діттеген жерге дейін апарылуын қадағалайды.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары:

– Сондай-ақ, тиісті қорғаныс құралдарының мамандарға берілгені де бақыланады. Осы орайда мынандай оқиғаны мысалға келтірейін. Жуырда мониторингілік топ өкілдеріне облыстық психикалық денсаулық орталығында медициналық маскалардың жоқтығы туралы хабар түсті. Мамандар аталған орталыққа барып, ондағы ұжыммен кездесіп, тиісті құжаттарды тексерді. Бақылау барысында ақпараттың жалған екені расталды.

Бұл факті расталмаса, келесі мәселе расталған. Медицина ұйымдарын бақылау кезінде өкпені рентгентік тексеруден өткізгізі келетін адамдардың тым көптігі анықталған. Яғни, ұзын-сонар кезектің қалыптасқаны белгілі болыпты. Проблеманы бір жақты ету үшін мониторингілік топ өкілдері дәрігерлермен келісіп, жұмыс уақытын ұзартқан екен. Тағы келіссөздер нәтижесінде ауру белгілері анық байқалатын жандар қабылдауға кезексіз өтетін болған.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары:

– Қазіргі уақытта мониторингілік топ өкілдері медицина қызметкерлеріне өтемақы төленуін де бақылайды. Себебі, әлеуметтік желілерде осы мәселе жиі талқыланады, бізгі сауалдар келіп түседі. Сұрақтарды үнемі назарда ұстаймыз, әр шағымды ескереміз.

Айта кетейік, егер сіз қандай да бір бұзушылыққа, сапасыз медициналық қызмет көрсетуге тап болсаңыз, “109” желісі арқылы ситуациялық орталыққа немесе экранда көрсетілген нөмір бойынша “Қоғамдық бақылау картасына” хабарласып, мәселені жеткізе аласыз.

 

Ешкенова Дана