Ауыл шаруашылығы

Әкімдік отырысында орақ науқанына дайындық пысықталды

Агротехникалық талаптарды сақтап, жермен дұрыс жұмыс жасап, мол өнім ала білетін аграрийлерге ғана субсидия берілуі тиіс. Облыстық әкімдік отырысында аймақ басшысы диқандарға мемлекеттік қолдауды үлестіру тәртібіне өзгеріс енгізу керек деді. Тиісті ұсынысты Құмар Ақсақалов Үкіметке жеткізбек ниетте. Жиында орақ науқанына әзірлік барысы да пысықталды. Жауапты маусым облыста тамыздың 15-і күні басталады.

Орақ науқаны ресми түрде ағымдағы айдың бел ортасында басталады. Тек кей диқандар жиым-терім жұмыстарына шілденің соңында кірісіп кетті. Мұндай жағдай облыс тарихында бұрын соңды болмаған. Көп дақыл биыл әдеттегіден ерте пісті. Жасыратын несі бар, осы маусымда аптап ыстық пен қуаңшылық кәсіпкерлерді қыспаққа алды. Десе де, аграрлы аймақ астықсыз қалмайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көктемнен бастап агротехникалық талаптарға сай көп жұмыс атқарылды. 2 ай жаңбыр болмады. Шілде айында болған жаңбыр ахуалды дұрыстады. Негізгісі агротехникалық талаптардың сақталуы.

Биылғы егістік коронавирустың бас көтерген кезімен тұспа тұс келсе де, қатаң карантин алқаптардың көлемін қысқартпады – сол баяғы 4 млн 300 мың гектар. Әртараптандыру да былтырғы деңгейде.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

 – 2988,5 мың гектар – дәнді дақылды, 927,6 мың гектарға – майлы дақылдар, 347 мың гектарға азықтық дақылдарды, картоп пен көкөніс 32,9 мың және 6,2 мың гектар алқапта жинау жұмыстары күтіп тұр.

Ол ол ма, импортты қысқартпаққа қарақұмық алқаптарының көлемін – 25, ал бұршақтыкін 30 проценке арттырыппыз. Тек тамыздағы күн райы тамылжып, өнімді шашаусыз жинауға мұрша бере ме екен? Синоптиктердің болжамы қуантады. Айдағы орташа температура 17-18 градусты құрауы тиіс. Алғашқы он күні керемет ыстық болады демесеңіз, кейін сәл салқындап, жаңбыр жауады. Келер айдан да “Қазгидромет” керемет тосын сый күтпеске болады деп отыр. Ет үйренген сол баяғы солтүстіктің қыркүйегі.

Наталья Левина – “Қазгидромет” РМК СҚОФ директорының орынбасары:

– Күн райы құбылмалы болады. Бұлтты, желді әрі жаңбырлы күндер мен ашық күндер алмасып отырады. Орташа темпаратура болжам бойынша – 11-12 градус. Бұл – норма. Ал жауын-шашынның кей аудандарда нормадан көп түсуі ықтимал.

Алдағы орақ науқанында теріскей танаптарына 107,5 мың комбайн шығады. Ал техниканың жүйткуі үшін керекті дизельдік отынның әр литрін диқандар 171 теңгеден сатып алып жатыр. Керекті жанармай қорының 40 пайызы бүгіндн әзір деп есеп берді Бекшенов мырза. Жақсы, жиым-терімді абыроймен өткердік делік. Ал бағаның жайы не болмақ? Болжам бойынша биыл бидай тоннасының құны былтырғымен салыстарғанда 38 процентке қымбаттауы тиіс. Зығыр мен рапс бағасы да өседі. Алғашқысының тоннасы 179, соңғысынікі 176 мыңға жетуі тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы орайда агробизнесмендер жұмысшыларының қамын ойлауды естен шығармағандары жөн. Танап басында еңбектеніп жүргендерді ыстық тамақпен және транспортпен қамту мәселесіне жіті назар аударыңыздар. Жалақыны да өсіру керек. Ауыл шаруашылығы саласындағы орташа айлық мөлшері әлі де аз. Осы жылдың жарты жылында 11 пайызға өсіпті. Жыл соңына дейін 20 процентке жеткізу керек.

Одан қалды, биылға жоспар 2 млн 300 мың гектар жерге 130 мың тонна минералдық тыңайтқыш сіңіру. Республика бойынша көшбасшымыз. Осы орайда өңір әкімі маңызды мәселеге жіті тоқталды. Сұранысқа ие сұйық тыңайтқыштарды шетелден сатып алғанды қысқартып, өзімізде шығаруды қолға алу керекпіз. Бастама бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр өңірде карбамид-аммиак қоспасын өндіретін 1 ғана шағын зауыт болған еді, биыл олардың саны 6-ға жетті. Қарқын жақсы, оны сақтауымыз керек. Тыңайтқыштарды жасауда еш қиындық жоқ, бағасы да 2,5 есеге арзанырақ. Мысал үшін шетелден әкелінген химикаттардың 1 тоннасы 140 мың болса, өзімізде шығарлыған өнім 58 мың теңгеден саудаланады.

Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ас атасының бағасы. Аграрлық аймақта нан қымбаттамауы тиіс деді әкім. Былтыр жергілікті атқарушы билік өңір наубайханаларын арзан ұнмен қамтып, әлеуметтік нанның құнын ұстап қалған еді. Бөлкесі – 62 теңге. Биыл да осы практиканы жалғастыру керек деп салаға жауапты орынбасарына пәрмен берді Құмар Ақсақалов

 

 

 

 

 

Саят Ермек