Әр түрлі

Береке ықшам ауданындағы саябақ көгалдандырылуда

Береке ықшам ауданында салынып жатқан бионика стиліндегі саябақ шамамен 50 пайызға дайын. Бүгінгі дейін Қытай мен Еуропа елдерінде ғана кездесетін ерекше демалу орнына қиыршық тас төселіп, шеңбер күркенің төбесі қойылып, су бұрқақтың орны әзірленіпті. “Атына заты сай” болуы үшін көгалдандыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Іс осыдан 15 күн бұрын басталыпты. Осы аралықта мамандар мұнда жөке, қайың, шырша көшеттерінің 50 данасын еккен.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Көшеттердің барлығы биік, қатты жел соқса құлап қалуы мүмкін. Сондықтан, мамандар жасыл желекті жіппен байлап, жан-жаққа тартып қойған. Тағы кішкентай бұтақтары сынып қалмасы үшін мынадай материалмен орапты. Агроволокно деп аталатын бұл дүние ауаны жақты өткізеді.

Десе де, жасыл желектің шіліңгір шілде айында егілгенін тұрғындар әлеуметтік желілерде қызу талқылап, өздерінің сұрақтарын жаудырып жатыр екен. Сансыз сауалға Ботаникалық бақтың директоры жауап берді.

Артур Рязапов – Ботаникалық бақтың директоры:

– Жазда көшет отырғызу технологиясы өлкемізде70-ші жылдары пайда болды. Содан бері сол тәжірибе бойынша ағаш егіп жүрміз. Мына жасыл желек тамырын тереңге жіберіп, өсіп кетеді. Тек оны күту керек. Сондықтан тұрғындардан уайымдамауды сұраймыз!

Иә, жазда отырғызылған көшеттер ерекше күтімді талап етеді екен. Оларды міндетті түрде күніне 2 рет суарып қажет. Яғни, таңертен және кешке әрқайсысына 15 литрден тіршілік нәрінқұйған жөн. Ережелердің барлығы ескеріліп жатыр. Бірақ, болашақ саябақты аралап жүріп қураған жапырақтарға көзіміз түсті. Бұл нені білдіреді?

Артур Рязапов – Ботаникалық бақтың директоры:

– Жасыл желектерді бір жерден екінші орынға көшірген кезде біразының тамыры қиылды. Соның салдарының кейбір көшеттердің жапырақтары сарғайып, құрай бастады. Бірақ, оған алаңдамаңыздыр! 1 айдын көлемінде жасыл желек қайта қалыпқа келіп, жайқалатын болады. Бұл – биологиялық құбылыс.

Саябақтың салынуын, көгалдандыру жұмыстарының жөнді жүргізілуін қалалық әкімдік өкілдері жіті бақылауда. Егер де қандай да бір олқылық анықталса, ескерту жасалып, мәселе шешімін табады. Осы орайда айта кетейік, көшеттердің 3 жылдық күтіміне қазіргі таңда көгалдандыру ісімен айналысып жатқан кәсіпкер жауапты.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Мердігер бұл жердегі ағаштарды баптау үшін арнайы суаратын машина сатып алды. Қызметкерлер «Қызылжар су» және Ботаникалық саябақтың өкілдерімен де келісім шартқа отырды.

Биыл Береке ықшам ауданынан бөлек, қала ішінде тағы 2 жарым мың түп көшет отырғызылды. Оларға “Коммунхоз” серіктестігі күтім жасайды. Оған қоса, аталған кәсіпорын күніне екі рет 11 шаршы метр жердегі жасыл желекке су құяды екен.

Маржан Қасымбек