Білім

Бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау мерзімі ұзартылды

Кирилл Галкин – 6 жаста. Қазір балғын әр күнін ойын ойнап, самокат теуіп өткізеді. Ал ағымдағы жылдың қыркүйегінде алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Яғни, 1-ші сыныпқа барады. Бұл айтулы датаға кішкентай жерлесіміздің ата-анасы қызу дайындалып жатыр. Олар әзірлікке шілде айында кірісіпті.

Любовь Галкина – қала тұрғыны:

– Біз – 5 бала тәрбиелеп отырған ата-анамыз. Балаларымыздың үшеуі мектепте оқиды. Жақында төртіншісі 1-ші сыныпқа бармақ. Қазір оны ақырындап психологиялық тұрғыда дайындап жатырмыз. Сонымен қатар, балабақшада үйренгендерін қайталап, жазуды және оқуды үйретудеміз. Ұлымыз тұрғылықты мекен-жайы бойынша “Береке” ықшам ауданында орналасқан №26 орта мектептің табалдырығын аттайды.

Ол үшін Кириллдың ата-анасы қажетті құжаттардың барлығын ертерек жинап, eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтінім берген. Өтініш мақұлданған. Енді келесі мәселеге тоқталайық. Оқушыға мектеп формасы, оқу құралдары қажет. Болашақ шәкірттің ата-анасы әзірге
кеңсе тауарларын алып үлгеріпті. Алдағы уақытта киім-кешек әпермек.

Вячеслав Галкин – қала тұрғыны:

– Әзірге 20 мың теңгеден астам ақшаға кеңсе тауарларын алдық. Енді қалған дүниелерді сатып алмақшымыз. Ол үшін біраз қаржы қажет. Мысалы, бір баланы мектепке дайындау үшін 30-40 мыңдай жұмсалады.

Осы орайда айта кетейік, ата-аналар бұған дейін мектепке өтінішті ағымдағы жылдың 1-ші сәуірі мен тамыздың 1-і аралығында бере алатын. Алайға, жақында өзгеріс орын алды. Елдегі карантинге байланысты құжат қабылдау мерзімі ұзартылды.

Татьяна Протопопова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

 – Жуырда елдегі карантин режимі тағы 2 аптаға ұзартылды. Сол себепті, ҚР Білім және ғылым министрлігі бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау мерзімін 20 тамызға дейін ұзартты. Яғни, өтініш беріп үлгермеген ата-аналарда тағы екі аптадай уақыт бар.

Ағымдағы жылы облыс бойынша 9 мыңға тарта ұл-қыз тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бүгінде олардың 90 пайызының ата-анасынан өтініш түсіпті. Құжаттардың басым бөлігі электронды түрде тапсырылған екен. Сөз соңында аса маңызды ақпарды баяндай кетейік. Биыл елдегі ахуалға байланысты құжаттар медициналық анықтамасыз қабылданады.

Ешкенова Дана