Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент: үкімет карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың қатары күн санап артып жатыр. Соңғы мәліметке сүйенсек, өткен тәулікте мемлекетімізде 1069 адам індетке шалдығып, науқастардың жалпы саны 92 662-ге жетті.

Оның 62 511-і жазылып шықса, өкінішке қарай, 793-і ажал құшқан. COVID-19 белгілеріне ұқсас пневмония бойынша мәліметке құлақ түріңіздер. Республикада 5181 кісіге өкпенің қабынуы диагнозы қойылған. Дерттен 30 азамат көз жұмған. Өлкедегі жағдай да мәз емес. Соңғы 24 сағат ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 55 жерлесіміздің бойынан қауіпті ауру белгілері табылған. Елдегі ахуалға байланысты Президент өзінің Твитер желісінде жазба қалдырды. Қасым-Жомарт Тоқаев індет жүздеген еңбеккер мен зейнеткерді, қарттар мен жастарды, атақты тұлғалар бен қарапайым жандарды арамыздан алып кеткенін баяндай келе, даңқты палуан, қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіровтің қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын мәлімдеді. Барлық отандасымыздың қазасы қабырғаға бататындығын жазды. Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстанда қайтыс болғандардың саны әлі де жоғары, сондықтан карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Денсаулық сақтау министрлігі мен барлық медициналық мекемелердің басты міндеті – өлім-жітім деңгейін ең төменгі шекке дейін түсіру. Үкімет азаматтардың карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті. Онсыз пандемияға қарсы күресте жеңіске жету мүмкін емес.