МТРА жаңалықтарыЕрiктiлер

Петропавл маңында тазалық рейді өткізілді

Елорда маңындағы қызғылт түсті көл жайлы естімеген жан жоқ шығар. Табиғат ана сыйлаған таңғажайып мекен жұрт арасында лезде танымал болды. Тек жаппай ағылған тынығушылар Көбейтұзды көп ұзамай құртты. Айналаны ластап, күл-қоқысын тастап кетті. Ал бас қала тұрғынының бірі көлігін көлдің қақ ортасына кіргізіп жуса, өзгелері емдік қасиеті мол деп тұзын жинады. Келтірілген залал орасан, ал түйін – көп отандасымыз демалу мәдениетінен жұрдай. Алысқа бармай-ақ қояйық.

Петропавл сыртындағы жағажайлардың бірі – бұл. Сиқына қарап қоқыс алаңы ма дерсің. Қалдықтардың сан алуандығы сонша, тұрғындардың жауапсыздығы еріксіз жаға ұстатады. Ішкен-жегенінен қалғанды өзімен алып кетуге ерінгендердің артынан Азат Жұмағұл жинап жүр. Эко-белсенді грант ұтып, ақшаға қолғаптар мен қоқыс пакеттерін сатып алған. Енді әр сенбі сайын коммуналдық қызметтердің қолы жетпейтін жерлерде тазалық орнатуда. Басты назарында – демалыс орындары.

Азат Жұмағұл, СҚО эко-амбассадоры:

– Пластик бөтелкелер мен сыра банкалары өте көп. Оларды жинаудың жарасы жеңіл, ал ең жиіркеніштісі – қарбыз бен қауын қалдықтары. Біршама уақыттан кейін олар шіріп, жағымсыз иіс шығара бастайды ғой. Қолмен ұстағанда жүрегің айниды.

Айнысын-айнымасын, игі істен Азат бас тартуды ойламайды да. Қоқысты ол бірден іріктейді. Пластикті бөлек, қағазды бөлек пакетке жинайды. Жинай жүріп, жақын маңда суға түсіп, демалып жатқандарға жадынамалар да таратады. Осылайша лақтырылған 1 бөтелкенің қоршаған орта үшін қаншалықты зиянды екенін еске салады. Ақпар үшін, пластиктің шіру уақыты – кемінде 300 жыл, яғни осынша уақыт ол табиғатты улайды деген сөз.

Азат Жұмағұл, СҚО эко-амбассадоры:

– Қоқыс толы пакеттерді ұстап жүргенімді көріп, көбі ұяла ма, әйтеуір өздерінің артынан жинап кетеді. Ал кейбірі назар аудармайды да. Мәселенің бәрі мәдениетке келіп тіреледі. Бұл шаруаны бастауыма не түркі болды дейсіз ғой? Интернеттен Ресейде осылай өз еркімен жағажайларды тазартып жүрген адамды көріп қалдым. Оның қолынан келсе, мен де осындай іспен айналыса аламын деген ой келді. Бәлкім болашақта менің бастама да басқа біреудің мұндай жұмысты қолға алуына түрткі болар.

Түрткі болса игі болар еді. Өйткені, жағажайларымыздағы жағдай мәз емес, эко-еріктілердің көмегі ауадай қажет. Өйткені, тырнақшаның ішіндегі “мәдениетті” демалушылар қалдырған күл-қоқыс жаз бойы жинала-жинала келе, ақыры алып “свалкаға” айналады.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаменті басшысының орынбасары:

– Бүгінде облыс бойынша 694 қоқыс үйіндісі анықталған. Оларды жою бойынша біз жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жасап, келісім-шартқа отырдық. Осының арқасында 400-ге жуық үйінді жойылды.

Тазалық үшін күресті қоқысты жинамай-ақ жүргізуге болады. Қалай десеңіз, жағажай болсын, орман іші болсын – әйтеуір табиғат аясында қалдықтардың үйіндісін байқағандар экология министрлігінің қауырт желісіне хабарласа алады. Ватсап арқылы фотосуретін де жіберу керек. Еске салайық, әкімшілік кодекс бойынша жалпыға ортақ орындарды абаттандыру ережелерін бұзғандар не ескерту алады, не 53 мың теңгенің айыппұлын арқалайды.

 

 

 

 

Саят Ермек