МТРА жаңалықтары

Гүлбаршын Бәтенова – ең үздік ауылдық округ әкімі

Саят Ермек – тілші:

– “Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан”, ал әкімнің жұмысынан. Қай ауыл көркейіп, дамып жатса, ең алдымен әкімін мақтаймыз. Ал жолдары жаман, суы жоқ болса – “не істеп отыр?” деп даттаймыз. Жер-жердегі атқамінерлердің қайсысы міндетін жөнді атқарып жатыр, қайсысы халыққа жақын? Осыны анықтамаққа ел бойынша “Ең үздік ауылдық округ әкімі” деген байқау жарияланды. Конкурстың өңірлік кезеңіне 20 үміткер қатысыпты. Олардың жұмысы келесі критерийлер бойынша сыналған.

Бақыт Жанбулов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

– Ең алдымен әкімдердің этикалық кодексті бұзбағандары тексерілді, кейін онлайн-дауыс беру арқылы бұқара әр атқамінердің жұмысына баға берді. Тағы, олардың ауыл халқымен кері байланыс орнатуы, яғни жеке қабылдауларды жиі өткізуі мен азаматтардың проблемаларын шеше білуі назарға алынды. Сондай-ақ, әкімдердің әлеуметтік желілердегі белсенділіктері де бақыланды.

Саят Ермек – тілші:

– “Үздік әкім” атағынан үміттілер эссе де жазған, өздері басқарып отырған ауылдық округті көркейту бойынша жоба да әзірлеген. Басқаларынан оза шапқан үздік 5-тік маусымның 25-і күні жұмыстарын өңірлік конкурстық комиссияның алдында қорғапты. Нәтижесінде “Солтүстік Қазақстан облысының ең үздік ауылдық округ әкімі” атағы Гүлбаршын Бәтеноваға бұйырды. Ол 2003 жылдан бері, осымен 17-ші жыл Тайынша ауданына қарасты Зеленогай селолық округін басқарады.

Гүлбаршын Бәтенова – Зеленогай ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

– Зеленогай ауылдық округінде 1918 адам тұрады. Соңғы 5 жылда жергілікті халықтың сұрауы бойынша 2 ойын алаңқайы, көше тренажерлары, субұрқақ пен шағын футбол корты тұрғызылды. Іс өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында тындырылды. Биыл ауылішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жасауға 35 млн теңге жұмсалады, 1 млн 600 мың теңгеге елді мекендерге жарық шамдары орнатылады. Бұл шаруа жалғаса бермек. Байқауда округте фитнес залы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап массаж кабинетін ашу туралы жоба әзірледім. Жұртшылық мұндай нысанды баяғыдан сұрап жүр.

Саят Ермек – тілші:

– Облыстық байқауда топ жарған Гүлбаршын Бәтенова ханым конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алып отыр. Ол қыркүйек айына жоспарланған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен таңдалған округ әкімдері мұнда да комиссия алдында өз жұмыстарын қорғамақ. Үздік шыққан атқамінерге сол жобасын жүзеге асыру үшін шамамен 5 млн теңгенің гранты табысталады.

 

 

 

Саят Ермек