Құқық қорғау органдары

Ер есімі – ел есінде

Ерлігі үшін. Облыстық полиция департаментінің музейіне қойылған бұл медальдің иесі – Алексей Щербаков. Мұражайда батыр тәртіп сақшысының өзге наградалары, жұмыс планшеті де тұр. Тағы қанға боялған жейдесі мен ұстара да бар. Соңғы екеуі тура 30 жыл бұрын Жұмысшы кентінде орын алған қанды оқиғаны баян етеді. Сол кездегі милиция майорына бұрын сотты болған азамат өз әйелі мен көршілерін соққыға жығып жатыр деген хабар келіп түсіпті.

Любовь Осинская – СҚО ПД музейінің меңгерушісі:

– Майор Щербаков бірден баспанаға кіріп, азаматты сабырға шақырған. Бірақ, араққа сылқия тойып алған қала тұрғыны оған көнбеген. Керісінше қолына ұстараны алып, тәртіп сақшысына бас салған.

Алексей Щербаковтың есімі қылмыскерлерді ұстау барысында қаза тапқан полицейлерге арналған мемориалға жазылған. Тізім 8 адамнан тұрады. Олардың барлығы ішкі істер саласында еңбек етіп, ерлікпен көз жұмған.

Наталья Щербакова — милиция майоры Алексей Щербаковтың қызы:

 – Әкем бірнеше күн тірі болды. Біз ауруханаға барып жүрдік. “Мұндай қадамға неліктен бардың?” деп сұрағанда, “Мен басқаша істей алмас едім” деді. Өзін батыр санаған жоқ. “Уайымдамаңдар, жазылып кетемін” деп бізді тыныштандырды. Өте жақсы адам, қамқор әке болып еді. Жұмыстағы проблемаларды үйге келіп баяндамайтын. Қызметінде не болып жатқанын біз білмейтін де едік.

Бүгінгі күннің тәртіп сақшылары да сөйтеді. Адам өмірін құтқару үшін олар ойланбастан, өздерінің кеуделерін оққа тосады. Оған дәлел – наурыздағы жағдай. Көктемнің алғашқы айында полиция капитаны Жанат Мұхамеджановқа маскүнем петропавлдық канцелярлық пышақпен дене жарақатын салды. Жалпы жыл басынан бері ішімдікке тойып алған азаматтар 8 мәрте учаскелік инспекторларға шабуыл жасаған.

 

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова