Құқық қорғау органдары

Жыл басынан бері өңірде 4 адам пойыз астына түсіп, мерт болған

Бұл – қала мен Жұмысшы кентін байланыстырып тұрған көпір. Оның үстінен көлікпен де, жаяу да өтуге болады. Алайда, кейбір жандар жоғарыға көтерілуге ерінетін көрінеді. Олар мосттын астындағы рельсті жолдарды кесіп, діттеген жерлеріне бет алады екен.

Серікбай Омаров – Петропавл станциясындағы ЖПБ көші-қон қызметі тобының аға инспекторы:

– Жұмысшы кентінің тұрғындары таңертең және кешкі уақытта жұмысқа асығып теміржолдан өтеді. Полицейлер мұнда жиі рейд өткізеді. Жыл басынан бері 25 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Оларға ескерту жасалды.

Иа, рейд те, тәуліктік кезекшілік те өткізіледі, айыппұл салынады. Алайда теміржол бойында ережені елеп жатқандар шамалы. Осының салдарынан қайғылы жағдайлар орын алуда. Мысалы, жыл басынан бері өлкемізде 4 оқыс оқиға тіркелді. Ішімдік ішкен 3 азаматты поезд қаққан екен. Ал 1 нәзік жанды суицид жасапты. Мұның барлығы Мағжан Жұмабаев ауданында болған.

Серік Қаражігітов – Петропавл станциясындағы ЖПБ бастығының орынбасары:

– Алғашқы оқиға қаңтардың 15-і күні Қорақоға ауылы мен Булаев қаласын байланыстыратын теміржол бойында орын алды. Бұдан кейінгі қос жағдай наурыз айында болды. Мұнда 60-шы және 56-шы жылғы азаматтар көз жұмды. 4-ші оқиға 63 жастағы әйел қатысты. Ол өзі поезд астына түскен.

Жалпы жыл басынан бері өңірде теміржолдың белгіленбеген жерін кесіп өтпек болған 787 адам анықталыпты. Тәртіп сақшылары олардың бір бөлігіне ескерту жасаса, қалғанын заңмен жазалаған. Яғни, әкімшілік хаттама толтырып, 3 АЕК көлемінде айыппұл салыпты.

Серікбай Омаров – Петропавл станциясындағы ЖПБ көші-қон қызметі тобының аға инспекторы:

 – 6 ай ішінде Петропавл станциясында ЖПБ ӘПБ қызметкерлері барлығы 1128 құқық бұзушылық анықтады. Оның ішінде түнгі уақытта ата-аналарының қарауынсыз жүрген балаларға қатысты 9 факті тіркелді. Рұқсат етілмеген жерде сауда жүргізген 23 адам жауапқа тартылды.

Полицейлер адамдар поезд ішінде де тәртіп бұзады дейді. Көбі далаға қоқыс тастайтын көрінеді. Жыл басынан бері мұндай 142 адам анықталыпты. Тағы, купеде темекі шеккен 20 жолаушы жазаланған.

Маржан Касымбек