МТРА жаңалықтары

Құрбан айттағы бірқатар шараларға шектеулер қойылады

Елдегі карантинге байланысты Құрбан айттағы бірқатар шараларға шектеулер қойылады.

Ұлық мейрам ертең басталмақ. Дәстүр бойынша үш күнге созылатын мерекеде мұсылмандар жаратушы разылығы үшін құрбан шалып, сойылған мал етін мұқтаждарға таратады. Осылайша сауапқа кенеледі. Алайда биыл бірқатар ережелерді ескерген жөн. Мысалы, барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үйлерде және мешіттерде адам көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Баспаналарда мал союға, сатуға болмайды. Құрбандықты тек “qurban2020.kz” сайты арқылы шалған жөн. Яғни, онлайн режимде өтінім беру қажет. Үй жануарлары бөгде адамдардың қатысуынсыз, жабық жерде сойылуы міндетті. Таратылатын ет те дұрыс сақталып, үлестірілгені жөн. Талаптардың орындалу барысын арнайы мониторингілік топ өкілдері бақылайды. Ереже бұзушылық анықталса, тұлға жауапкершілікке тартылады.

Әсет Жұматаев – қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Осы үш күн ішінде рейдтік шаралар күшейтіледі. Егер тұрғындар талапты орындамаса ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғаларға 30 АЕК көлемінде, бизнес субьектілеріне 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

 

 

Эльмира Садвокасова