Өнеркәсіп

Изотермиялық вагондардың сапасына жоғары баға берілді

Изотермиялық термос-вагондарды ПАМЖЗ емес, “COOL INFINITY” серіктестігі шығаратын болды. Жуырда бұл компания зауыттың осы өндіріс түріне арналған бөлігін, яғни қажетті ғимараттар мен қондырғыларын түгелдей сатып алған.

Осыдан екі күн бұрын кәсіпорынға арнайы квалификациялық комиссия ат басын бұрған. Олар жиналатын вагондардың сапасын тексеріпті. Нақтырақ айтар болсақ, өнімнің жүк көтергіштігі мен қаншалықты дұрыс қымталғанын, материалдардың беріктігін сынаған. “COOL INFINITY” бұл сынақтан сүрінбей өтіп, термос-вагондарды жасау құқығын алып, біліктілігін дәлелдеп шықты. Бүгін комиссия мүшелері тиісті акті толтырып, қол қойды. Ал шамамен бір аптадан соң сертификат берілуі тиіс.

Валентин Каргин, “COOL INFINITY” ЖШС бас директоры:

– Серіктестік жылына 1440 вагон жасай алады. Олардың көмегімен тез бүлінетін азық-түлік пен тауарларды тасымалдауға болады. Мұндай өндірістің Қазақстанда, одан қалды ТМД елдерінде аналогы жоқ. Вагондар Ресей Федерациясына экспортталатын болады. Бірақ, жергілікті кәсіпкерлерге де жинауға әзірміз.

 

Саят Ермек