МТРА жаңалықтары

Инновациялық кәсіптік даму колледжі ашылды

Кадр тапшылығы. Қазір бұл проблемамен өңіріміздегі бірқатар өндіріс ошақтары бетпе-бет кездесіп отыр. Мәселені шешу жолын Радуга серіктестігі 2 жыл бұрын қолға алыпты. Компания өздеріне қажет кәсіп түрлері бойынша білім орталығын ашты. Бүгінге дейін 300 маманды даярлап, екі қолға бір күрекпен қамтыған. Тәжірибе ретінде басталған жоба жақсы нәтиже бергенде, бастама иелері тоқтап қалмады. Радуга Инновациялық кәсіптік даму колледжінін таспасын қиды.

Татьяна Мишкина – Инновациялық кәсіптік даму колледжінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Бізде 25 студенттен тұратын тек 1 топ болады. Жастарды дуалды білім беру жүйесін негізге алып дайындаймыз. Яғни, оқу процессіне колледжбен бірге серіктестік де қатысады. Студенттер аптаның 4 күнін кәсіпорында өткізеді. Өндіріс саласын кітаптан емес, іс жүзінде меңгереді. Қондырғылармен танысып, жұмыс істеуді де бастайды. Мұнда жастарға сабақтарды Радуганың мамандары жүргізеді.

Компания тұрмысқа қажетті пластикалық заттарды, сабын мен азық-түлік өнімдерін шығарады. Сәйкесінше кәсіпорындағы қондырғылар – сан алуан. Оның қыр-сырын жастар 1 жыл 10 ай бойы толықтай меңгермек. Әрбір студентке өз ақыл-кеңесін айтып, көмегін көрсететін тәлімгер тағайындалады. Ал, жергілікті университет оқытушылары жүргізетін теориялық сабақтарға апта сайын 2 күн арналмақ. Колледжге түсу үшін құжаттарды қабылдау тамыздың 27-сіне дейін жүргізіледі. Талапкерлерге қойылатын жалғыз шарт – сұхбаттан өту.

Татьяна Мишкина – Инновациялық кәсіптік даму колледжінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Студенттер мемлекеттік грантты иеленіп, тегін білім алады. Жастарға шәкіртақы мен өндіріс ошағында жұмыс істегені үшін өтемақы төленеді. Екеуін қосқанда ай сайын қыз-жігіттер 45 мың теңге көлеміндегі қаржымен қамтылмақ. Ал, колледжді тәмамдағаннан кейін түлектер қолдарына дипломмен бірге жұмыс орнына шақырту алады. Әрі оқу ордасында өткізген 2 жылды еңбек кітапшасына енгіземіз. Яғни, жастар бірден тәжірибелі маман болып шығады.

Әзірге мұнда тек 11 сыныпты тәмамдаған түлектер қабылданады. Алдағы уақытта кәсіби мамандарды 9-дан кейін де дайындау ісі қарастырылуда. Алайда, алгебра, химия мен тарих сынды негізгі пәндерді оқыту үшін колледжде мұғалімдер жоқ. Сондықтан, Радуга серіктестігі Бескөл орта мектеп-гимназиясымен әріптестік қатынас орнатпақ. Бизнесмен оқу ұясын сенімді басқаруға алып, 300 млн теңге көлемінде инвестиция құюға дайын. Қаражат нысанды қалыпқа келтіріп, ұл-қыздардың білім алуына жағдай жасауға ауадай қажет.

Алмас Нұркеев – Бескөл орта мектеп-гимназиясының директоры, Қызылжар ауданы:

– Радуга серіктестігі екі жыл бұрын «Проф дебют» жобасын қолға алды. Кәсіпорын ісіне қызыққан оқушыларымыз аптасына 3 сағатқа өндіріс ошағына барып отырды. Станок басында жұмыс істеу процессімен танысып, аздаған ақша да тапты. Компанияны жақсы танимыз. Сондықтан, мектепті сенімді басқаруға беруге қарсы емеспіз. Бұл өзгерісті ұл-қыздар, мұғалімдер мен ата-аналар қауымы асыға күтуде.

Нысан 1967 жылы бой көтеріпті. Соңғы рет ғимараттың іші мен сыртына күрделі жөндеу 2015-те жүргізілген. Бүгінде 914 оқушы білім алатын мектептің шатырын ауыстыру қажет. Жаңбыр жауса төбеден су ағатын көрінеді. Салдарынан оқу ұясының кейбір бөлігін көк басқан. Сыныптардағы парталар мен орындықтар да әбден ескірген. Кейбірінде әлі күнге дейін қолдан жасалған жиһаздар тұр. Ұл-қыздарға сапалы білім беру үшін заманауи компьютерлер мен интерактивті тақталар да қажет екен. Егер мектеп-гимназия Радуга серіктестігіне сенімді басқаруға тапсырылса, нысан аз ғана уақыттың ішінде адам танымастай өзгермек.

 

 

Эльмира Садвокасова