Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қ.Ақсақалов: “Қорқатын түгі жоқ, астық болады”

Күздік бидайдың жиым-терімі бұл. Қыс бойы қар астында жатқан алтын дән сарғайып, жетіліпті. Сондықтан қазір танапта тегеурінді техника жүйткіп жүр. Былтыр “Шатило и К” шаруашылығы 1 гектардан 71 центнер алып, рекорд орнатқанын жарыса жазған едік. Ал биыл ше?

Бидайдың күздігі емес, жаздық түрі сіңірілген алқаптардағы жағдай мұншалықты жақсы емес-мыс. Жер емген жандар алаңдаулы.

Иә, ауа райы диқандарға оң қабақ танытпады. Әсіресе, Жамбыл ауданының шаруаларына. Көктемнен бері мұнда әдеттегі жауын-шашын нормасының 3/1-і ғана жауған. Егістігі қурап, көбіне шағын агроқұрылымдар қиыншылық көруде. Белшеден келген шығындардың орнын алтын дән бағасының көтерілуі толтыра алады. Былтыр 3-ші сыныпты бидайдың тоннасы 85 мыңнан сатылған еді. Биыл өсе ме екен?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бағасы бүкіл әлемдегі жағдайға байланысты. Ресей, Украина, Аргентина мен Еуропа елдерінде егіннің қанша жиналатынын әлі ешкім білмейді. Тек болжам ғана бар. Сол болжам бойынша бидай бағасы өсуі тиіс.

Климаттың құбылмалығына қарамастан, тұтас облыс бойынша жағдай жаман емес дейді әкім. Апта сайын бір ауданға шығып, ахуалды бағамдап жүрген Құмар Ақсақалов қорқатын түгі жоқ, астық болады, қамбалар толады деген болжам айтып отыр. Бірақ, көп дүние аграрийлердің өздеріне байланысты. Көктемде дәнді еге салу, күзде жинай салу деген принцип табысқа әкелмейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бір жағынан мемлекет тарапынан біраз көмек жасалынып жатыр. шаруашылықтар осы көмекті дұрыстап пайдаланулары керек. Технология сақталынуы тиіс. Адамдарға жақсылап жалақы төленсе, нәтиже де болады.

Күн тәртібінен түспейтін тәжді вирус пен құтырған пневмония тақырыбы да талқыланды танап басында. Қала мен аудан орталықтарында дәрі жеткілікті. Ал алыстағы ауыл жұрты тапшылық көріп отыр. Аптека деген көбінде атымен жоқ өйткені. Осы орайда диқандар шалғай селоларды қанаттарының астына алып, көмектессе деген бұйымтай айтты әкім. Құмар Ақсақалов мынадай идея ұсынып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кішігірім сома бөліп, қызу түсіретін, вирусқа қарсы дәрі-дәрімекті сатып алып, ауылдардағы фельдшерлерге беріп қойсаңыздар. Олар препараттарды тұрғындарға өз бағасымен сатса, жақсы болар еді. Ақшаларыңыз қайтарылады, ал онсыз да қиындық көріп отырған ағайынға орталыққа барудың қажеті болмайды.

Тақырыпты жалғастырайық. Қазір Солтүстік Қазақстан мамандар болжап отырған күзгі “вспышкаға”, яғни жағдайдың күрт нашарлауына қызу дайындық үстінде. Мәселен, Жамбылдағы аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесі жөндеу көруде. 10 науқасқа шақталған кішігірім ғимараттың шатыры алмастырылып, іші мен сырты қалыпқа келтіріліп жатыр екен. Ең қызығы, мұндағы палаталар “бокс” түрінде жасалған. Ерекшелігі мынада.

Сәкен Әмрин – Жамбыл аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Инфекциялық ауру жұқтырған пациент палатаға бөлек есіктен кіреді. Медициналық қызметкерлермен тікелей қарым-қатынасқа түспейді. Мына терезенің арғы жағында – таза аймақ. Мамандар қорғаныс костюмін киіп келеді де, ем-дом шараларын жүргізеді. Процедуралардан кейін киімін ауыстырып, таза аймаққа шығады. Ал дерттен айыққан адам өзі кірген бөлек есіктен қайта шығып кетеді.

Жамбылдағы аудандық ауруханада 40 орындық провизорлық стационар бар. Онда 17 адам жатыр қазір. Өткен аптада бұл емдеу мекемесі күллі облысқа танылып, даудың ортасында қалды. Оның ресми сайтында жұртшылықтан көмек сұраған пост жарияланған еді. Мазмұны сол – дәрі-дәрімек пен қорғаныс құралдарының тапшылығын жоймаққа ақша керек. Дәл сол күні жазба өшірілді, ал ахуалдың шынымен де мүшкіл ме екенін сұрамаққа басшылықты сөзге тартқан едік. Бұл қателік, бәрі бар деп сендірді бізді.

Сәкен Әмрин – Жамбыл аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Сайтта жарияланған ақпар шындыққа жанаспайды. Белгісіз бір қателік кетті. Өйткені, қазір бізде антибиотиктер, антикоагулянттар мен ерітінділердің 1 айға жететін қоры бар. 100 күнге жететін репираторлар да қоймада жатыр. Амбуаторлық ем алып жатқандарға дәрі-дәрімек тегін берілуде. Пост жарияланғаннен кейін құзырлы органдар келіп, тексеріс жүргізді. Ешбір олқылық таппады.

Күнгейден қоныс аударғандарға қандай жағдай жасалып жатыр? Мұны білмекке әкім көшіп келушілер үшін Пресновкада салынып жатқан үйлерге барды. Оларды шымкенттік мердігер өңір үшін таңсық “теплоблок” деген материалдан тұрғызып жатыр. Сырты әдемі, ішкі келбеті де көз қуантады. Бірақ, қабырғалары тым жұқа болып шықты. 26-ақ сантиметр. Солтүстіктің сарышұнақ аяздарында ертең жылыға еттері үйренген қандастар жаурамай ма?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қабырғалар қалың болуы керек. Қазір, әрине, неше түрлі материалдар бар, бірақ оларды тексеріп алып қана, салу керек қой. Суық болмасын! Гарантия берулеріңіз керек 3 жылға.

Суық болып шықса, сол “гарантия” бойынша өз қаржысына компания олқылықты түзетуі тиіс болады. Биыл Жамбыл ауданына 52 отбасы келеді. Оларға арналып 48 үй салынып жатыр. Әрқайсысын билік құрылыс компаниясынан 7 млн-ға сатып алмақ, қоныс аударушылар болса ай сайын азын-аулақ жалға алу ақысын төлеп отырады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізге тракторшылар, комбайншылар, мұғалім, дәрігер мамандар керек. Осындай бағдарлама бізде ғана жүзеге асып жатыр. Басқа облыстарда жоқ. Мысалы, былтыр біз 488 үй салсақ, биыл 700-ден асырайын деп жатырмыз. Үйлерді перспективалы ауылдарда тұрғызып жатырмыз. Бізге экономиканы көтеру үшін халық керек, адам саны керек.

Пресновканың жолдары жаман. Десе де, ахуал ақырындап түзеліп жатыр. 40-тан астам көшенің биыл 4-еуі, келесі жылы тағы 4-еуі жөнделеді. Үлес аз, өйткені жаңа асфальт аудан орталығының бюджеті үшін тым қымбатқа түсіп жатыр. Алдағы 5 жыл ішінде негізгілерін қалыпқа келтіреміз деп сендірді мұндағылар. Бірер күн бұрынғы репортаждардың біріне арқау болған жарықтандыру жайын да сұрады әкім. Қараңғылық мәселесі біртіндеп шешілуде. Түнде қазір Пресновканы 450-ден астам жаңа шам жарықтандырады. Ақшаның бәрі орталыққа ғана құйылып жатқан жоқ дейді аудан атқамінері Марат Ескендіров мырза. Өзге елді мекендер де назарда. Мәселен, Благовещенка.

Марат Ескендіров – Жамбыл ауданының әкімі:

– Мұнда қазір 6 нысан жөндеуден өтіп жатыр. 2 мектеп, 1 интернат пен мәдениет үйі. Сондай-ақ жергілікті инвестор өз қаржысына биомассамен жұмыс істейтін қазандық орнатуда.

Жаңажол, Қайранкөл, Баян мен Сәбит ауылдарының мектептері күрделі жөнделіп жатыр. Казанка селосын Пресновкамен байланыстыратын жол да жөндеу көруде. Тек манағы қымбат асфальт емес, қиыршық тас төсеумен шектеліпті аудан билігі.

Марат Ескендіров – Жамбыл ауданының әкімі:

– Су мәселесі Жамбылда көп көтеріледі. Қазір тіршілік нәрі Есіл өзенінен келіп жатыр. Төртінші тоқсанда қосылып, мәселе шешіледі деп ойлаймыз.

Осылай, ананы істейміз, мынаны істейміз деп камераға айтқан жоспардағы шаруасын ауданға жуырда ғана тағайындалған басшы орындай алса нұр үстіне нұр болар еді.

 

 

 

 

 

Саят Ермек