Білім

Қызылжар ауданындағы 34 мектепке бейнекамералар орнатылады

Бәйтерек орта мектебінде 282 ұл-қыз оқиды. Білім ұясында 50 бала тәрбие алатын шағын орталық та бар. Ғимарат қолданысқа 2016 жылы тапсырылыпты. Сол кезде нысанға бірден бейнебақылау жүйесі орнатылған. Алайда, оқу ұясындағы камералардың саны бар-жоғы 8 еді. Яғни, олар мектептің не ішін, не сыртын толықтай қамтып, видеоға түсіре алмайды. Енді проблема шешілді.

Жанат Сәдуақасов – Бәйтерек орта мектебі директорының міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:

– Биыл 20 камера орнатылды. Барлық бейнекамералардың 11-і сыртта, қалғандары іште орнатылған.  9-дың алтауын шағын орталыққа қойдық. Оның ішінде жатын бөлмелер, ойын бөлмелерінде және дәліздерінде орнатылған.

Шағын орталықтан бөлек, мектептің дәліздері де енді 24 сағаттық бақылауда. Ерекше назарға асхана мен спортзал алынған. Білім ошағының бұл бөліктеріне де жаңа камералар орнатылды. Ал, оқу ұясының сыртындағы бейнебақылау жүйесі нысанның айналасын толық қамтиды екен. 30 күн бойы сақталатын жазбалардан кіреберіс, ойын алаңқайлары мен көмір сақтау қоймаларындағы іс-әрекетті көруге мүмкіндік бар. Заман игілігі 360 градусқа бұрылып, күндіз де, түнде де картинаны видеоға анық түсірмек. Яғни, алдағы уақытта балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдамауға да болады.

Амангелді Әбдірахманов – Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы, Қызылжар ауданы:

– Қызылжар ауданының мектептеріне бюджеттен 29 млн теңге қаражат бөлінді. 34 мектепке бейнекамераларды орнатуды бастадық. Бұның ішінде террористік тұрғыдан осал 18 нысан бар ауданда. Яғни, онда бір мезгілде 200-ден аса адам бола алады. 14 мектепте жұмыс жүргізілуде.

Білім ошақтарына бейнебақылау жүйесін орнату шаруасы тамыздың 20-шы жұлдызына дейін толығымен аяқталмақ. Айта кету керек, заман игілігімен қамтылатын 34 мектептің 22-сінде бұрын-соңды бірде-бір камера болмапты.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова