Қоғам

Құрбандықты онлайн шалуға 20-дан астам адам өтініш берген

Мейірімділік пен бірліктің мейрамы. Мұсылман күнтізбесі бойынша биыл Құрбан айт шілденің 31-і бастау алып, тамыздың 2-сіне дейін жалғасады. Діни мерекеге дейін жамағат 1 күн Арафа оразасын ұстайды. Яғни, ертең таң атқаннан күн батқанға дейін ас-судан тыйылады. Мұндай амалды орындаған жанның 2 жылдық күнәсі кешіріледі екен.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– 30-ыншы шілдені Арафа дейді. Яғни, адамдар Арафа деген жерде қажылығын бастайды. Бұл күннің сауабын алғысы келетін жандар тағат-ғибадат қылады.

Ал келесі күні, яғни 31-і таңертен айт намазы оқылады. Биыл Алланы ұлықтап, оған бір табан жақын ететін амал үйде жасалады. Карантинге байланысты мешіттер келушілерді қабылдамайды. Енді құрбандық шалу жайына тоқталайық. Шариғат заңдарына сәйкес, төрт түлік мал
таң атып, күн шыққаннан кейін ғана сойылуы тиіс.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Біздің уақытпен есептегенде таңғы – 7. Бұл уақытта айт намазы оқылмаса да, құрбанды шала беруге болады. Құрбан шалу тамыздың 2-і “Ықшам намазына” дейін жалғасады. Күн батқанға дейін рәсімді аяқтау қажет.

Құрбандыққа төрт түлік мал шалынады. Осы орайда мынандай ақпарға құлақ түріңіздер. Мұсылман баласы 6 айлық тоқтыны, 1 жастағы ешкіні, 2 жылдық сиыр мен 5 жылдық түйені союы керек. Айта кеткен жөн, тым арық немесе денсаулығында қандай да бір кінәраты бар жануар сойылмайды. Дін өкілдері солтүстікқазақстандықтарға биыл бұл амалды онлайн режимде жасауға кеңес беріп отыр. Ол үшін qurban2020.kz сайты іске қосылған.

Мұхаммад-Зохир Мирзоев – “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің наиб имамы:

– Құрбандыққа тапсырыс беруші адам сайтқа кіріп өз өңірін таңдайды. Кейін, аты-жөнін, ұялы телефонын қалдырады. Аталмыш сайттың ішінде құрбан шалуға тапсырыс берумен қатар, мұқтаж жандар да өз өтінішін қалдыра алады.

Кейін құрбандыққа шалынған малдың еті көпбалалы және мұқтаж отбасыларға таратылады. Бүгінге дейін “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің қызметкерлері 382 жанұядан тұратын тізім құрыпты. Алдағы уақытта ол толығуы мүмкін. Ал құрбандықты онлайн шалуға 20-дан астам солтүстікқазақстандық өтінім берген екен.

Маржан Касымбек