Құқық қорғау органдары

Петропавлда металл ұрлағандар анықталды

Жедел-алдын алу шарасы үш күнге созылды. Бұл уақытта полицейлер облыс орталығында орналасқан 38 металл қабылдау пунктінің 21-іне бас сұқты. Әрқайсысында басшылық өкілдерімен, қызметкерлермен жүздесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.

Жаслан Шамшуалиев – учаскелік полиция инспекторы:

– Егер қандай да бір азамат күмәнді металл әкелсе, осы жердің иесі немесе жұмысшылары сол жанның мәліметтерін жазып алуы қажет. Кейін, бізге хабарласқандары жөн.

Мұндай іс өзінің оң нәтижесін беруде. Арадағы байланыстың арқасында 4 қылмыстың беті ашылды. Оның 2-еуі бұрын жасалыпты. Ұрылар қаладағы жер үйлердің бірінің ауласынан шойын плита, темір құбырлар мен қақпаны қолды қылыпты. Жоғалған заттар иелеріне қайтарылды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр екен. Ал металл қабылдау пунктінің өкілдері құқық қорғаушыларға әрдайым жәрдемдесуге, заңға сәйкес еңбек етуге дайынбыз дейді.

Жомарт Есләмов – металл қабылдау пунктінің жұмысшысы:

 – Көбіне мас адамдар, тағы басқа күмән туғызатын жандар аккумуляторлар, дискілер, флягалар сияқты түрлі заттарды әкеледі. Мұндай дүниелерді қабылдамаймыз.

Алдағы уақытта Петропавлда мұндай жедел-алдын алу шарасы тағы да ұйымдастырылмақ.

 

 

 

Данаш Хамзина