МТРА жаңалықтары

Карантинді бұзған тойдың да шырқы бұзылды

Карантинді бұзған тойдың да шырқы бұзылды! Петропавлда отау құрған екі жас бақытты сәтті туған-туыстарымен атап өтпек болған. Отбасылық іс-шара үшін ғашықтар табиғат аясындағы «Гринпаркті» таңдапты. Бұл мереке туралы қала тұрғындарының бірінен ситуациялық орталыққа сағат 15-54-те хабар келіп түскен.

Ақпардың шынайылылығын тексеру үшін жедел әрекет ету тобы демалыс орнына аттанған. Прокурор, полиция қызметкерлері мен санитар дәрігерлер 36 адамға арналған тойдың үстінен түсіпті. Коронавирус індеті жайлаған кезде жанұялық думанды өздерінің және өзгелердің өмірі мен денсаулығынан жоғары қойған жас жұбайлар енді жауапкершілікке тартылмақ. Жаза ақ көйлек киген қалыңдық пен костюмдегі күйеу жігіттің бақытты сәтін атап өтуге рұқсат еткен кәсіпкерге де қарастырылған.

Санат Қабдуллаев – Петропавл қалалық прокуратурасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Той өткізген отбасы еліміздің бас санитар дәрігерімен бекітілген карантин талаптарын бұзды. Шектеу шаралары күшейтілгелі отбасылық той-думандарды өткізуге тыйым салынғаны баршаға аян. Бірақ, жас жұбайлар мен демалыс орнының иесі ережені елемеді. Аталған факті бойынша барлық материалдар жиналып, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Отбасыға да, бизнесменге де әкімшілік жаза қарастырылған.

 

 

 

 

Ешкенова Дана