Ауыл шаруашылығы

Диқандар күзгі жиым-терім жұмыстарына техникаларын әзірлеуде

“АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” серіктестігінің техникалық паркінде 30 бірлік көлік бар. Дені – жаңа. Соңғы екі жылда темір тұлпарлардың  60 пайызы жаңартылыпты. Осының арқасында биылғы көктемгі дала жұмыстары уақытында аяқталған екен.

Мұрат Бахытбек – “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС инженері, Есіл ауданы:

– Әр техниканың өз уақыты бар. Жаңа көліктер бірнеше маусым жақсы жұмыс істейді. Ескілері жиі сынады. Трактор, комбайндардың істен шығуы механизаторларға да тікелей байланысты. Мысалы, бір кісі тұрақты еңбек етсе, техниканы күтіп мінеді. Ал жиі ауысса, машинаға жүрдім-бардым қарайды. Біздің серіктестікте адамдар тұрақты түрде қызмет етеді. Яғни, бізде маман ауысуы, жетіспеушілігі сынды проблема жоқ.

Қазір серіктестік өкілдері техникаларды күзгі дала жұмыстарына дайындап жатыр. Мамандардың бірі моторды бұзуда, ақауларды анықтап, ретке келтіруде. Екіншілері тозған бөлшектерді жаңалауда, сұйықтықтарды ауыстыруда. Джон Дир тракторы екі механизаторға сеніп тапсырылыпты. Олар беріліс қорабын жөндеуде. Жәкен Дәурен жақында шетелдік техника алқапқа шығып, желдей жүйткиді дейді.

Жәкен Дәурен – “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Әр техника әр кезде сынады. Оларды жинап, жөндегеннен кейін дала жұмыстарына шығады. Мысалы, бұл – Джон Дир көлігі. Оның саймандары қымбаттау. Сонда да әкелінеді. Бүгінде бұл көлік 100 пайыз шаруаға дайын. Күзде дала жұмыстарына шығады.

Енді облыстағы жағдайға тоқталайық. Бүгінде аймақтағы техникалық парк егін жинау науқанына 90% дайын. Соңғы жеті айда өңір шаруалары 30 млрд теңгеден астам сомаға 1334 бірлік техника сатып алыпты. Осы ретте трактор, комбайндарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі туралы да айта кетейік.

Евгений Бородин – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Өңірде егін жинау науқанына 75,1 мың тонна дизель отыны қажет. Бүгінге дейін аймаққа оның 30%-ы жеткізілді. Мемлекет бізге жанар-жағармайды мұнай өңдеу зауытынан кепілдендірілген баға бойынша бөледі. Операторлардың қызметтерін есепке алғанда агроқұрылымдар үшін сұйықтықтың шілде айындағы бағасы 172 теңгені құрайды.

Алдағы орақ науқанында өлкедегі алқаптарда 7,5 мыңнан астам астық жинайтын комбайн жүйткімек. Оның бір бөлігінің өнімділігі жоғары.

Сондай-ақ, қауырт науқанда 5 мың дестелегіш алқапқа шығады. Тағы осынша жүк көлігі тасымалмен айналыспақ.

Ешкенова Дана