Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық жайы пысықталды

Тамызға санаулы күн қалды. Қазір өңірімізде алдағы жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Қазандықтар, турбоагрегаттар мен магистральдар жөнделуде. Құбырларды жуып-шаю жұмыстары да жүргізілуде. Сондай-ақ, көмір жеткізіліп жатыр. Бүгінде қорда 132 мың тонна қара отын бар. Бюджеттік ұйымдар жоспарға сай қамтылуда. Осы орайда бір өзекті мәселеге тоқталайық

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Уәлиханов, Жамбыл және Есіл аудандарындағы темір жол тұйықтарынан ескі қара отын шығарылмауда. Осының салдарынан жаңа көмірді тасымалдау кезінде бірқатар қиындықтар туындауда. Аталған аудандардың атқамінерлері мәселені шешулері қажет.

Солтүстікқазақстандықтарға алдағы қауырт маусымда 393 мың тонна көмір қажет болады. Әзірге қара отынның үштен бір бөлігі ғана дайындалды. Уәлиханов, Шал ақын және Мағжан Жұмабаев аудандарында маңызды іс сылбыр жүргізілуде. Ал бүгінде өңірдегі 508 қазандықтың 40 пайызы дайын.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Айыртаулықтар аудан орталығына био қазандық қою тиіс. Алайда, қысқа дайындық жұмыстары мерзімінен кеш жүргізіліп жатыр. Сондықтан тиісті шаруаны барынша күшейту қажет. Жаңа қазандық жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Ағымдағы жылы биомассадағы қазандықтар Айыртауда ғана емес, тағы 3 ауданда іске қосылуы керек. Тізімде Ақжар да бар. Мұнда да шаруаның атқарылу барысы көңіл көншітпейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Не себепті бұл аудандарда шаруа мерзімінен кеш атқарылып жатыр? Облыстық бюджеттен қыруар ақша бөлінді. Ешқандай мәселе орын алмауы тиіс еді. Бірақ, іс баяу атқарылуда. Тез арада олқылықты түзеу қажет.

Мәселе карантинге тікелей байланысты екен. Әділбек Әубәкіровтың сөзінше, аудандар шектеулерге байланысты биомассадағы қазандықтарды баяу орнатуда. Енді облыс орталығындағы жағдайға келейік. Петропавлдағы әлеуметтік маңызы бар нысандар қысқа 1-ші
қыркүйекке дейін дайын болады. Ал үйлер ше?

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалды. Бүгінгі таңда 280 үй жылу қабылдауға техникалық тұрғыда дайын. Бірқатары тиісті құжаттарын алды. Былтыр бұл көрсеткіш 70 үйге кем болған еді. Шаһарда құбырларды жуып-шаю жұмыстарымен 10 ұйым айналысуда.

Жиын барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов соңғы бірнеше жылда жүргізілген жұмыстардың нәтижесін тілге тиек етті. Өңірде атқарылған істің арқасында орын алатын апаттары саны екі есеге қысқарған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы үш жылда өңірде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 6 млрд теңгеге 54 шақырым құбыр жөнделді. Осының арқасында жылу тасымалдау мәселесі ретке келтірілді.

Айта кетейік, өңірде биомассадағы қазандықтарды орнату жұмыстары жалғаспақ. Мұндағы мақсат – көмірден бас тартып, облыс бюджетін үнемдеу.

Ешкенова Дана