МТРА жаңалықтары

Жөнделген жолдың сапасы сын көтермейді

Жол жөндеумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысы көңіл көншітпейді. Бұл – өңірлік жемқорлыққа қарсы департамент жанындағы мониторингілік топ өкілдерінің пікірі.

Жыл басталғалы олар «Сапалы жол» жобасының шеңберінде 11 учаскені тексерген. Бақылау барысында 1 емес, ондаған бұзушылық анықталыпты. Мысалы, мамандар маусымның 12-сі күні Есіл ауданына қарасты Заградовка селосына барды. Естеріңізде болар, мұнда жөндеуден өткен ауылға кіреберіс жолдың сапасы сын көтермеді. Сонда мониторингілік топ қателіктерді түзеуді тапсырды. Жақында мамандар аумақты пайдалануға тапсырмақ болған “KAZ FORTIS” компаниясының ісімен қайта танысты. Нәтижесінде олқылықтардың мүлде түзетілмегені анықталды. Енді бұл жағдай бойынша мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу шаралары жүргізілмек.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Шілденің 24-і күні “Сапалы жол” жобасының шеңберінде мониторингілік топ өкілдері облыстық маңызға ие “Булаево-Советское” жолында жүргізілген жөндеу жұмыстарымен де танысты. Тексеріс барысында мұнда да біршама кемшін тұстар анықталды. Асфальттың ені мен қалыңдығы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Алдағы уақытта да осындай рейдтер жалғасын таппақ. Себебі өңірде жол жөндеу сапасы мәселесі әлі де өзекті.