Қоғам

Пресновка абаттандырылып жатыр

Пресновканың орталық алаңына Қожаберген жыраудың есімі берілген. Тек дүркіреген атына заты тіпті сай келмейді. Тарихи тұлғаның ортадағы бюсті мен жағалай 3-4 орындықтан өзге түк жоқ. Ал кеспетастың әңгімесі мүлде бөлек. Тозығы жеткен, опырылып түскен, көк шөп өскен. Округ әкімдігі іргеде тұр. Бірақ жергілікті билік бұған жылдап назар аудармай келген. Биыл атқамінерлердің алаңға әйтеуір көздері түсіпті.

Юлия Шихова – Преснов ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы:

– Әткеншектер, мәрмәрдан жасалған орындықтар орнатамыз, ұлттық нақыштағы шағын мүсіндер қоямыз. Тіпті, субұрқақ жасамақашымыз. Қысқасы, орталық алаң абаттандырылады.

Осының бәріне – аудан бюджетінен 9 млн теңге бағытталған. Алайда, бұл сомаға кеспетас биыл ауыстырылмайтын болып шықты. Жаңа жабындыны пресновтықтарға келесі жазға дейін күту керек. Ал әткеншектер мен декоративтік мүсіндер дайын. Бірақ, әзірге олар жергілікті әкімдік ғимаратының артына сән беріп, алаңға орнатылар сәтті күтіп тұр. Жоспардағы тағы бір шаруа…

Саят Ермек – тілші:

 – Пресновканың қақ ортасында көк шөп қаулаған ескі спорт алаңқайы бар. жергілікті атқарушы билік биыл оған жан бітіреміз деп отыр. Ауылдық округ әкімдігі үнемделген қаражат есебінен 4 млн теңге бөліп, бұл жерге су жаңа саябақ соқпақшы. Біріншіден – аумақ толықтай абаттандырылады, екіншіден – кеспе тас төселеді, ал үшіншіден түрлі әткеншектер, орындықтар, жарық шамдары мен архитектуралық формалар орнатылмақ.

Қара күз келгенше саябақ жасалып бітеді деп отыр село басшылығы. Тек ақша бөлініп, тендер жарияланғанымен, мердігер әлі күнге дейін табылмаған. Сондықтан, үлгере ме, жоқ па – болжау қиын. Әйтеуір, асығыстың арты сапасыздыққа әкелмесе болды. Әкімдердің есептік кездесулерінде талай көтерілген ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесі де биыл назарға алыныпты. Бұл, мәселен, С.Мұқанов көшесіндегі көрініс. Ойдым-ойдым болған жолға асфальт төселіп жатыр. Мұндай оң өзгерістер Пресновканың Пионер, Новая мен Горький көшелерінде де орнайды.

Юлия Шихова – Преснов ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы:

– Жөндеу көретін көшелерді таңдауда тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстары ескерілді. Осылайша, көліктер көп жүретін, ең керекті деген учаскелерді қалыпқа келтіріп жатырмыз. Биыл бұл шаруалардың бәріне 114 млн жұмсалады.

Ал қолақпандай 200 млн – жарықтандыруға. Қыстыгүні арнаның түсірілім тобына Пресновка жұртшылығы көшелер кешке тас қараңғы, жұмыстан үйге жанымызды шүберекке түйіп қайтамыз деп шағынған еді. Бұл мәселе де шешіліпті, әйтеуір. Село бойынша 450 шам орнатылған.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек